Астананың полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі заттарын сақтау және тарату күдігімен 19 жастағы азаматты ұстады. Күдікті заңсыз әрекеттерін жүзеге асыру үшін жалға алған JAC маркалы автокөлігімен бара жатқан жерінен тоқтатылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тәртіп сақшылары тексеру барысында ірі көлемдегі есірткі заттарын анықтады. JAC автокөлігінің жүксалғышынан құрамында мефедрон бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған түйіншек табылды. Күдіктінің уақытша тұратын жалдамалы пәтерін тексеру кезінде осыған ұқсас зат салынған тағы 20 ірі түйіншек тәркіленді. Заңсыз айналымнан алынған синтетикалық есірткінің жалпы салмағы шамамен 1 келіні құрады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, 19 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен есірткі арнасына қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау тергеліп жатыр.
Полиция есірткі заттарын заңсыз сақтау мен таратудың ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
