Қазақстанда бірінші класс оқушыларының оқу жүктемесіне, сабақ ұзақтығына, мектепте тамақтануына, демалысына және оқу процесін ұйымдастыруға қатысты бірқатар арнайы талап бар. Бұл нормалар санитариялық қағидаларда, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында және Оқу-ағарту министрлігінің тиісті бұйрықтарында бекітілген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
1-класта сабақ қанша минут болады?
Бірінші кластарда оқу жүктемесі біртіндеп арттырылатын «сатылы» режим қолданылады.
Қолданыстағы санитариялық қағидаға сәйкес:
- қыркүйекте – күніне үш сабақ, әрқайсысы 35 минуттан;
- қазаннан бастап – сабақтар 45 минуттан жоспарланады;
- сабақтарда дене шынықтыру минуттары және көзге арналған жаттығулар өткізіледі;
- бірінші класс оқушыларына қосымша бір апта қысқы демалыс (2027 жылғы 8–14 ақпан аралығында тағы 7 күн) беріледі.
Мектеп сөмкесі қанша килограмм болуы керек?
Министрліктің мәліметінше, оқулықтар, дәптерлер және басқа да оқу құралдары салынған рюкзактың жалпы салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспағаны жөн. Мысалы, оқушы салмағы 30 келі болса, толық жиналған мектеп сөмкесі 3 келіден ауыр болмауы керек.
Мамандар бос сөмке салмағы 1 килограмнан аспауын ұсынады.
Әр класс үшін ұсынылатын салмақ қандай?
Министрлік оқушының жасына қарай оқу құралдарының мынадай салмағын ұсынады:
- 1–3 класс – 2 кг-ға дейін;
- 4–5 класс – 2,5 кг-ға дейін;
- 6–7 класс – 3,5 кг-ға дейін;
- 8–11 класс – 4,5 кг-ға дейін.
1-класта баға қойыла ма?
1-класта оқушылардың оқу жетістіктеріне баға қойылмайды. Бұл талап білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау және аттестаттауға қатысты қолданыстағы қағидаларда тікелей көрсетілген.
Мектепте 1-класс оқушыларына тамақ беріле ме?
1-класс оқушылары мектепте тегін тамақтанады. Мемлекеттік мектептерде 1–4 сынып оқушылары әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
