1 қыркүйек қарсаңында Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі ұстаздарға гүл сыйлау дәстүріне қатысты түсініктеме беріп, ата-аналар жаңа оқу жылына гүл шоғын сатып алуға міндетті ме деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлау – жақсы дәстүр. Алайда ол міндетке, бәсекеге немесе артық шығынға айналмауы керек, – деп мәлімдеді оқу-ағарту министрлігі.
Ведомство баланың мұғалімге деген құрметі сыйлаған гүл шоғының бағасымен өлшенбейтінін атап өтті.
Ең бастысы – гүл көлемі мен бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен оның ата-анасының ерікті таңдауы болып қалуға тиіс, – делінген министрлік хабарламасында.
Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарына да арнайы үндеу жасады. Мектептер гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы және ата-аналардан оған ақша жинамауы керек.
Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы немесе мұндай міндетті ата-аналарға жүктемеуге тиіс, – деп түсіндірді ведомство.
Министрліктің пікірінше, жаңа оқу жылының алғашқы күнін шамадан тыс салтанатты өткізудің қажеті жоқ.
Біздің мақсатымыз – жаңа оқу жылының алғашқы күнін артық сән-салтанатсыз, жылы атмосферада өткізу, оның тәрбиелік мәнін сақтап, балалардың бойына мұғалімге деген құрметті, қарапайымдылық пен мейірімділікті сіңіру, – деп атап өтті министрлік.
Осылайша, мұғалімге гүл сыйлау-сыйламауды бала мен оның ата-анасы өзі шешеді. Ал мектептер ата-аналардан гүл немесе сыйлық талап етуге және оған ақша жинауды ұйымдастыруға тиіс емес.
