Қазақстанның танымал спортшысы әрі актер Еркебұлан Тоқтар Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде кезекті жекпе-жегін өткізіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның қарсыласы – Өзбекстан өкілі Бобиржон «Испанчик» Исроилов. Ол поп-MMA бағытында өнер көрсетіп, муай-тайдан әлем чемпионы атанған.
Жекпе-жек екінші орта салмақта кәсіпқой бокс ережелері бойынша өтті. Кездесу екінші раундта аяқталды. Еркебұлан Тоқтар қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, нәтижесінде техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, жекпе-жектің алғашқы раундында-ақ екі спортшы да риңке құлаған. Жалпы кездесу тартысты әрі көрерменге әсерлі өтті.
Еркебұлан Тоқтар – Қазақстанның танымал актері. Ол ұзақ уақыт бойы поп-MMA бағытында өнер көрсеткеннен кейін кәсіпқой жекпе-жектерге ауысқан. Қазір оның кәсіби рекорды 11-3.
Қазақстан спортшысы бұған дейінгі жекпе-жегінде Қырғызстан өкілі Марсель Нурланбек уулуына төрешілер шешімімен есе жіберген болатын.
Қазіргі уақытта Еркебұлан Тоқтар – Қазақстандағы поп-MMA өкілдерінің ішіндегі ең танымал спортшылардың бірі. Оның әлжелідегі парақшаларына 2,3 миллион адам жазылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
