Басты бет / Жаңалықтар /
жылу
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алматы қысқа дайындалып жатыр. Қала әкімдігі мәлімдеме жасады

Алматыда қала шаруашылығын 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұл мәселе қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Коммуналдық және энергетикалық кәсіпорындар қысқа дайындық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізіп жатыр. Әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығына басымдық берілген.

20 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылады

Әкімдіктің мәліметінше, қазір көппәтерлі тұрғын үйлердің басым бөлігі жылыту маусымына дайын. Білім беру және денсаулық сақтау нысандарындағы дайындық жұмыстары да толық аяқталған.

Жылу көздері мен инженерлік желілерде гидравликалық сынақтар өткізіліп, ағымдағы жөндеу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл 20 шақырымнан астам жылу желісін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар жылу оқшаулағыштары ауыстырылып, негізгі жабдықтар қысқы жүктемеге дайындалып жатыр. Қазандықтарда жөндеу жұмыстары аяқталып, қазір іске қосу-баптау шаралары жүргізілуде. Қажет отын қоры да жасақталып жатыр, — делінген хабарламада.

жылу желілері
Фото: Алматы әкімдері

Электр, газ және су желілері де тексеріліп жатыр

Қалада электр инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүріп жатыр. Электр беру желілері, қосалқы станциялар мен трансформаторлық жабдықтар жаңартылып жатыр.

Газбен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде де жоспарлы жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Газ құбырларының жоспарланған учаскелерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын, — делінген хабарламада.

Коммуналдық және энергетикалық кәсіпорындар суық түскенге дейін қалған жөндеу және іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтап, қыс мезгілінде қала инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook