Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттар бірінші сессия барысында бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет екенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президенттің сөзіне қарағанда, биыл жасанды интеллектіні орта білімге енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясына қатысты бірқатар бастама көтерілді.
Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, парламентке ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Алтын виза» енгізілуі мүмкін
Мемлекет басшысы Қазақстанға жоғары білікті мамандарды, заманауи технологиялар мен шетел капиталын тарту үшін жаңа тетіктер қажет екенін айтты. Осыған байланысты «Алтын визаны» енгізудің маңызын атап өтіп, көші-қон саясатын да жетілдіру қажет екенін жеткізді.
Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар, – деді президент.
Кітапхана ісі мен мәдениетке қатысты жаңа бастамалар
Тоқаев биыл үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет екенін айтты. Президент бұл құжатты ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін маңызды деп бағалады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөніндегі тапсырмасын еске салды.
Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
