Meta АҚШ-тың 47 штаты, Колумбия округі және бірнеше аумақтың билігімен жүргізілген сот дауын реттеу аясында компанияның әлжелілеріне бірқатар өзгеріс енгізуге келісті. Meta 17,1 миллиард долларға дейін төлеуге және жасөспірімдердің әлжелілерді пайдалану уақытын шектеуге, ата-ана бақылауын күшейтуге, белгілі бір уақытта push-хабарламаларды өшіруге міндеттеме алды. Жаңа ережелер Meta-ның жас қолданушылармен жұмыс істеу тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Сондықтан компания жасөспірімдердің бәсекелес платформаларға жаппай ауысып кетпеуі үшін YouTube, TikTok және Snap-тың да осындай шараларды қабылдағанын қалайды.
Meta бәсекелестеріне қандай талап қойды?
Meta өз келісіміне бәсекелестік жағдайды теңестіруге бағытталған арнайы механизм қосты. Facebook пен Instagram жасөспірімдер үшін жаңа шектеулермен жұмыс істейтін болса, компанияның ойынша, YouTube, TikTok және Snap та осындай талаптарды енгізуі керек.
Осы орайда Meta АҚШ штаттарының бас прокурорларымен жасалған келісімге бәсекелестерін ұқсас шектеулер енгізуге ынталандыратын қаржылық механизмдерді енгізді.
Meta кез келген жағдайда штаттарға 12 миллиард доллардан астам төлейді. Сонымен қатар компания жасөспірімдердің Facebook пен Instagram-ды пайдалану уақытын күніне екі сағатпен шектеуге келісті.
YouTube, TikTok және Snap ұқсас шектеулер енгізген жағдайда, Meta өз платформаларындағы тәуліктік лимитті 1 сағатқа дейін азайтуға дайын.
YouTube пен TikTok штаттармен осындай көлемдегі төлемді қарастыратын келісімдер жасасқан жағдайда, Meta қосымша 5,3 миллиард доллар шамасында төлем жасайды.
Әзірге бұл компаниялардың ешқайсысы Meta ұсынған шарттарды қабылдауға жария түрде келіскен жоқ.
Meta жасөспірімдерге қандай шектеулер енгізеді?
Meta YouTube пен TikTok-ты да осындай шектеулер енгізуге шақырып, ашық хат жариялады. Бұл компания үшін маңызды, себебі бәсекелестер жас қолданушыларды өзіне тартып, басымдыққа ие болуы мүмкін.
Осы уақытқа дейін Meta компаниясы балалар қауіпсіздігіне байланысты айыптауларға негізінен ата-аналарға арналған бақылау функцияларын көбейту шешімін ұсынып келді. Дегенмен 2023 жылы АҚШ-тың 30-дан астам штаты компанияға карсы айып тағып, Meta-ны жасөспірімдерді тәуелді қылатын функцияларды саналы түрде пайдаланды деп мәлімдеді. Кейіннен компанияға қарсы сот талаптарының саны өсе түсті.
Енді Meta жасөспірімдерге арналған бірқатар жаңа талаптарды орындауы керек.
Атап айтқанда, компания:
- түнгі уақытта және мектеп сабақтары кезінде жасөспірімдерге жіберілетін push-хабарламаларды өшіреді;
- қолданушылардың жасын тексеруді күшейтеді;
- Facebook пен Instagram-ды пайдалану уақытын күніне екі сағатқа шектейді;
- жүйе бір жасөспірімге тиесілі барлық аккаунтты өзара байланыстырады. Бұл енгізілген шектеулерді айналып өтуге жол бермеу үшін жасалған.
Meta үшін миллиардтаған доллар төлем қаншалықты маңызды?
Meta компаниясының нарықтағы құны шамамен 1,45 триллион долларға бағаланады. Ал кейінгі тоқсан қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 18,3 миллиард долларға жеткен.
Салыстырмалы түрде айтсақ, келісім бойынша төленетін ең жоғары 17,1 миллиард доллар — Meta-ның жылдық табысының шамамен 8,5 пайызы ғана. Оның үстіне бұл сома он жылға бөліп төленеді.
Сол себепті қаржы төлемдері компания үшін аса үлкен кедергі болмауы мүмкін. Meta үшін басты мәселе — жас қолданушылардың платформадағы белсенділігін бәсеңдететін жаңа шектеулер.
Тек Meta платформаларына шектеу қойылып, YouTube, TikTok және басқа бәсекелестер бұрынғыдай жұмыс істей берсе, жасөспірімдердің басқа платформаларға ауысу қаупі артады.
Осылайша Meta өзі қабылдаған шектеулерді интернет кеңістігіндегі балалар қауіпсіздігінің жалпыға ортақ стандартына айналдыруды көздейді.
Компания мәлімдеуінше, енгізілген қорғаныс шаралары TikTok пен YouTube-пен бірлесіп, осындай талаптарды жүзеге асырған жағдайда ғана шын мәнінде тиімді болады.
