Қазақстанда негізгі ет түрлерінің бағасы бір жылда айтарлықтай өсті. Әсіресе қой еті қатты қымбаттаған. Ет бағасының өсуі еліміздің барлық өңірінде тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Energyprom мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда 48,2 мың тонна жаңа сойылған және салқындатылған ет өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3% көп. Сонымен қатар бұл көрсеткіш 1999 жылдан бері қаңтар-шілде аралығындағы ең жоғары өндіріс көлемі болып отыр.
Алайда өндіріс артқанымен, ет тұтыну көлемі айтарлықтай өзгермеген. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның бір тұрғыны орта есеппен 20,7 келі ет және ет өнімдерін тұтынған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 20,6 келі болған.
Қой еті 28% қымбаттады
Ет тұтыну көлемі тұрақты болғанымен, оның бағасы жалпы инфляциядан әлдеқайда жылдам өсіп жатыр. 2026 жылғы шілдеде ет бағасы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 15,8% қымбаттаған.
Ең жоғары өсім Жетісу облысында тіркелді – 21,9%. Ал Шығыс Қазақстан облысында ет 12,2%, Қызылорда облысында 12,9%, Алматы облысында 13,6% қымбаттаған.
Ет түрлерінің ішінде баға өсімі бойынша қой еті көш бастап тұр. Бір жылда оның бағасы 27,9% өскен. Сонымен қатар сиыр еті 15,1%, жылқы еті 14,4%, шошқа еті 11,3% қымбаттаған. Қой етінің бағасы әсіресе көктем мен жаздың басында жылдам өскен. Мамырда ол бір айдың ішінде 4,7%-ға қымбаттады. Бұл 2011 жылдан бері тіркелген ең жоғары айлық өсім. Маусымда баға тағы 4,2%, шілдеде 2,3% көтерілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған дейін қой етінің сәуір-мамырдағы қымбаттауын Құрбан айт қарсаңындағы сұраныстың маусымдық артуымен байланыстырған. Ведомство ішкі нарықта ет тапшылығы жоқ екенін мәлімдеген.
Қай қалада ет қымбат?
Шілдеде сүйекті сиыр етінің бір келісінің орташа бағасы 3,8 мың теңге болды. Ең қымбат сиыр еті Алматыда сатылған – 4,2 мың теңге. Ең арзаны Ақтөбеде – 3,4 мың теңге. Қой етінің орташа бағасы 4,5 мың теңге болды. Ең қымбат қой еті Астанада – 5,4 мың теңге, ал ең арзаны Көкшетауда – 3,8 мың теңге. Шошқа етінің орташа бағасы 3 мың теңге болды. Ақтауда оның келісі 3,7 мың теңгеге жетсе, Оралда 2,3 мың теңге шамасында сатылған.
Ал жылқы етінің орташа бағасы 4,3 мың теңгеб. Ең жоғары баға Петропавлда – 4,7 мың теңге, ең төмен баға Түркістанда – 4 мың теңге тіркелген.
