Белгілі тележурналист, тікелей репортаждың тарланы, әріптестері арасында «Хабар аға» атанған Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден озды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Сол жылы қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында алғашқы хабары эфирге шыққан.
40 жылдан астам уақытын журналистикаға арнады
Тележурналист «Хабар» агенттігі құрылған күннен бастап еңбек етіп, 1998 жылдан бастап телеарнаның Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған.
Қырық жылдан астам уақытын журналистикаға арнаған Тілеуқабыл Мыңжасар елді мекендерді аралап, қарапайым халықтың тұрмысын, өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді республикалық эфирде көтерді.
Марқұм Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы, «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығының иегері болған. Сонымен қатар «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және Қазақстан президентінің алғыс хатымен марапатталған.
Жаназа намазы 29 тамызда оқылады
Марқұмның жаназа намазы 29 тамызда сағат 10:00-де өз шаңырағында оқылады. Мекенжайы: Алматы қаласы, Розыбакиев көшесі, 289-үй, 80-пәтер.
