Қазақстанда фармацевтикалық кәсіпорындардың өндіріс көлемі кейінгі үш жылда 37% өсіп, 191 млрд теңгеге жетті. Өндірістің өсу қарқыны 2026 жылы да жалғасып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкімет мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің көлемі 126,6 млрд теңге болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30% жоғары.
Қазір елімізде фармацевтикалық және медициналық өнім шығаратын 209 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 43-і дәрі-дәрмек өндіреді. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша отандық өнімнің заттай үлесі 40,3%-ға жеткен.
Қазақстанда 2 994 түрлі дәрі мен медициналық өнім тіркелген
Отандық компаниялар бүгінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 2 994 атауын тіркеген. Кәсіпорындар бактерияға қарсы, жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған, ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы препараттар, сонымен қатар орталық жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер шығарады.
Сонымен қатар ұзақ мерзімді сатып алу тетігі дамып келеді. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, 31 отандық өндірушімен 2 022 өнім атауын жеткізуге 83 шарт жасалған.
Үкіметтің хабарлауынша, бұл кәсіпорындарға өнімге деген сұранысты алдын ала жоспарлап, өндірістік қуаттарды толық пайдалануға және жаңа препараттар шығаруға мүмкіндік береді. Дәрілік заттар GMP стандарттарына сәйкес өндіріледі.
Фармацевтика саласына шетелдік компаниялар да инвестиция салып жатыр. AstraZeneca, Pfizer және Roche өндірісті локализациялау және технологияларды Қазақстанға беру жобаларына қатысуда.
2025 жылы фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестиция 56% өсіп, 142,8 млн долларға жеткен. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында салаға тағы 7,1 млн доллар инвестиция тартылған.
Қазақстанда 494-тен астам жаңа дәрі шығарылады
Мемлекет басшысының тапсырмасымен фармацевтикалық өндірістерді салу және кеңейту бойынша сегіз ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жобалар іске қосылғаннан кейін Қазақстанда алғаш рет онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды, орфандық және инфекциялық ауруларды, сонымен қатар қант диабетін емдеуге арналған 494-тен астам дәрілік затты өндіру мүмкіндігі пайда болады.
Осылайша, отандық фармацевтика өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа технологияларды енгізу, шетелдік өндірісті локализациялау және елдегі дәрі-дәрмек қолжетімділігін жақсарту бағытында дамып келеді.
