Непалда болған жойқын су тасқынынан кейін Қазақстан азаматы хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енді. Сыртқы істер министрлігі бұған дейін зардап шеккендер қатарында Қазақстан азаматы жоқ екенін мәлімдеген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Курсив басылымының мәліметінше, әйел адам туристер тобының құрамында болған. Кейін топпен бірге Непал аумағынан Қытайға өткен. Алайда осыдан кейін оның қайда екені белгісіз болып, хабар-ошарсыз кеткен.
СІМ ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, азаматты іздеп жатыр. Дипломаттар бұл мәселе бойынша Непалдың жергілікті мемлекеттік органдарымен байланыста.
Оқиғаға қатысты басқа мәліметтер әзірге нақтыланған жоқ. Атап айтқанда, туристік топтың шекарадан нақты қашан өткені және әйелдің қай уақытта жоғалғаны белгісіз.
Бұған дейін Непал мен Қытай шекарасында болған су тасқынынан кейін жүздеген туристің хабар-ошарсыз кеткені хабарланған. Непал билігінің дерегі бойынша, із-түзсіз кеткендер қатарында 579 турист болған. Олардың 466-сы – 28 елден келген шетел азаматы.
Табиғи апат 26 тамызда Непалдағы Расува таулы аймағында болған. Су, лай және тасқын ағыны үйлерді, жолды, көпірлерді және басқа да инфрақұрылым нысандарын қиратып кеткен. Табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны 273 адамға жетті.
