Басты бет / Жаңалықтар /
ІІМ, полиция, полицей
Фото: ІІМ

Жамбыл облысында такси жүргізушісі жолаушыны балағаттағаны үшін жауапқа тартылды

Такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжалдан кейін жүргізуші телефон арқылы балағаттап, хабарлама жолдаған. Арада бір жыл өткен соң қайта жалғасқан жанжал сотқа дейін жетіп, жүргізушіге айыппұл салынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оқиға алғаш рет былтыр ақпан айында болған. Сол кезде такси жүргізушісі жолаушының анасының көзінше балағаттаған. Арада бір жыл өткенде екі ер адам тағы да байланысқа шыққан.

Жәбірленуші жүргізуші іздейтіні туралы хабарландыру жариялаған. Осыдан кейін оған әлгі таксист WhatsApp арқылы бірнеше рет қоңырау шалуға тырысқан. Жолаушы жүргізушіден енді хабарласпауын сұрап, оған дауыстық хабарлама жолдаған.

Алайда такси жүргізушісі жауап ретінде тағы да балағат сөздер айтылған аудиохабарлама жазған. Осыдан кейін жәбірленуші сотқа жүгініп, ер адамды жауапқа тартуды сұраған.

Іс бойынша қос тараптың түсініктемесі, сонымен қатар сот психология-филологиялық сараптамасының қорытындысы дәлел ретінде қаралды.

Сотта жүргізуші кінәсін мойындап, ашуға беріліп кеткенін айтқан. Ол жәбірленушіден кешірім сұрағанымен, қарсы тарап ер адамға қатаң жаза тағайындауды және моральдық шығынды өндіріп беруді сұрады.

Нәтижесінде Сарысу ауданының соты такси жүргізушісін қорлағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жәбірленушіге моральдық зиян үшін 20 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Соттың мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 131-бабының 1-бөлігі бойынша адамды қорлағаны үшін 100 АЕК-ке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.

Сот жазаны жеңілдететін жағдай ретінде сотталушының кінәсін мойындауын, кәмелетке толмаған балаларының болуын, заңсыздықты алғаш рет жасауын және ауырлататын жағдайлардың болмауын ескерген.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram