Орталық сайлау комиссиясы Құрылтайдың бірінші шақырылымына сайланған депутаттарды ресми түрде тіркеді. Нәтижесінде 145 депутат заң бойынша өкілетке ие болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ОСК-ның мәліметінше, депутаттарды тіркеу рәсіміне Құрылтайдың барлық сайланған мүшесі қатысты. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров депутаттың өкілеттігі оны ОСК тіркеген сәттен бастап басталатынын атап өтті.
Құрылтай құрамына бес саяси партия өкілдері кірді. Атап айтқанда, «Әділет» партиясынан – 110, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 8, «Ауыл» партиясынан – 10, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 8, ал «Respublica» партиясынан 9 депутат сайланған.
Нұрлан Әбдіров жаңа депутаттарға олардың мандаты халықтың сенімі мен таңдауын білдіретінін айтып, Құрылтай мүшелеріне жүктелетін жауапкершілікке назар аударды.
Тіркеу рәсімі барысында депутаттарға арнайы куәлік пен төсбелгілері табысталды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының бірінші сессиясын шақыру туралы» жарлыққа қол қойды.
Құрылтайдың алғашқы сессиясы 28 тамыз күні сағат 11:00-де Астанада өтеді деп жоспарланған.
***
Тағы оқыңыз:
