Жаңа оқу жылында мектептерде оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптарға ерекше мән беріледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасының мәліметінше, шаш бояу, тырнақ өсіру, жасанды кірпік тағу және мектеп формасына сай келмейтін әшекей бұйымдарды пайдалану мәселесі білім ұйымдарының ішкі тәртібі аясында бақыланады.
Ақтау қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Римма Шабикованың айтуынша, белгіленген талаптарды сақтамаған оқушыға алдымен ескерту жасалады. Егер талапты орындамаса, ата-анасы шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ескертуге қарамастан тәртіп бұзушылық қайталанса, мәселе білім ұйымының арнайы комиссиясында қаралуы мүмкін.
Қыздарға қандай талап қойылады?
Мектеп формасына қатысты негізгі талап – киімнің классикалық әрі ұстамды болуы. Қыздарға белдемше немесе шалбар, ал ұлдарға шалбар мен жейде кию қарастырылған.
Тырнақ та рұқсат етілмейді, артық жылтырақ, алтын немесе тағы да әртүрлі нәрселер тағуға да болмайды. Сол мектептің бекіткен формасын киіп, мектептің қойған талаптарына сай оқушылар жүру керек, – деді Римма Шабикова.
Сонымен қатар қыздардың шашын бояуы, тырнағын өсіруі немесе жасанды кірпік тағуы сияқты сырт келбетке қатысты мәселелер де мектептің ішкі тәртіп талаптарына сәйкес реттелуі мүмкін. Белдемшенің нақты ұзындығы мен сырт келбетке қойылатын өзге де талаптарды әр мектеп өзінің ішкі тәртіп ережесінде белгілейді.
Ұлдарға да талап ортақ
Сырт келбетке қойылатын талаптар тек қыздарға ғана қатысты емес. Ұл оқушылар да мектеп формасын сақтауға тиіс. Шашты шамадан тыс өсіру, белгіленген формаға сай емес киім кию немесе әшекей бұйым тағу мектептің ішкі талаптарына қайшы болуы мүмкін.
Мектеп әкімшілігі талапты сақтамаған жағдайда алдымен оқушыға ескерту жасап, кейін ата-анасын шақырады. Тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда тиісті шара қабылданады.
Білім саласының өкілдері мұндай талаптардың негізгі мақсаты – мектепте оқу процесіне қолайлы орта қалыптастыру екенін атап отыр.
