Басты бет / Жаңалықтар /
Жамбы ату, ат, ұлттық ойын
©Tengrinews.kz

Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының медальдары таныстырылды

Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған алтын, күміс және қола медальдардың ресми дизайны таныстырылды. Халықаралық дода 1-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысында өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қырғызстанның дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі ұсынған мәлімет бойынша, марапаттардың дизайны қырғыз халқының дәстүрлі философиясы негізінде әзірленген. Екі жақты медальдың ортасында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми логотипі орналасқан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, медальдар спортшыларға арнайы тұғырымен бірге табысталады.

Сонымен қатар Қырғызстанда ойындар аясындағы бірқатар іс-шараға арналған билеттердің бағасы жарияланды.

Көрермен үшін жарыстардың бір бөлігі тегін өтеді. Атап айтқанда, Қырчын шатқалындағы мәдени және спорттық іс-шараларға, сонымен қатар Құрманжан Датка атындағы Көшпенділер өркениеті орталығына кіру ақысыз болады.

Ал «Рух Ордо» мәдени орталығы, «Дордой Номад» амфитеатры және Шолпан-Ата ипподромындағы мәдени іс-шараларға билет құны 500 сом болады.

Көкпар мен көк бөріден өтетін финалды тамашалау үшін билет бағасы 1000 сом болып белгіленген.

Ал 6 қыркүйекте өтетін жабылу салтанатының билеттері орын санатына қарай 500-ден 4000 сомға дейін сатылады. Ең қымбат билет орталық жасыл секторға — 4000 сом, ақ секторға — 3000 сом, қызыл секторға — 2000 сом, сары секторға — 1000 сом және көк секторға — 500 сом болып белгіленген.

Билеттерді Ұлттық электронды билет жүйесі арқылы және ресми кассалардан сатып алуға болады.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram