Қазақстанда QR-код арқылы жасалған төлемді қосымша құн салығынан (ҚҚС) босату ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігінде өткен қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту жөніндегі жиында ҚҚС-ға қатысты мәселе көтерілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жиын барысында QR-төлемдермен қатар телефон нөмірі арқылы аударымдар, электронды ақша және цифрлық теңге секілді заманауи қолма-қол ақшасыз төлем құралдарын дамыту мәселелері талқыланды.
Қаржы реттеушілер қазір төлем карталары арқылы жүретін операцияларға қолданылатын ҚҚС-дан босатуды басқа да қолма-қол ақшасыз төлемдерді қызмет көрсету операцияларына кеңейтуді ұсынды.
Министрліктің мәліметінше, төлем нарығы белсенді дамып, цифрлық есеп айырысу құралдары кеңінен қолданылып келеді. Осыған байланысты қолма-қол ақшасыз төлемдер мен цифрлық шешімдерді ынталандыру үшін барлық төлем құралдарына бірдей жағдай жасау маңызды.
Министрлікте бұрын ҚҚС-дан босату сол кезде кең таралған төлем құралы ретінде төлем карталарына қатысты болғанын айтты. Алайда QR-төлемдер, мобайл аударымдар және цифрлық теңге секілді жаңа төлем тәсілдерінің пайда болуына байланысты төлем нарығы айтарлықтай өзгерген.
Осыған байланысты жаңа төлем құралдарына салық жеңілдігін автоматты түрде қолдану бұрын қарастырылмаған. Ол үшін ұсыныстың экономикалық тиімділігін бағалап, жеңілдік қолданылатын операциялардың нақты тізімін белгілеу қажет.
Сонымен қатар 2026 жылы төлемдер саласындағы заңнамаға өзгерістер еніп, төлем карталары арқылы жасалатын операциялар ұғымы кеңейді. Министрлік бұл жағдай салықты реттеуді қосымша нақтылау қажет екенін атап өтті.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин QR-төлемдер мен цифрлық теңгені қоса алғанда, заманауи төлем құралдарының дамуын оң бағалады. Дегенмен ол ұсынылып отырған шараның экономикалық тиімділігін нақты негіздеу қажет екенін айтты.
