Apple компаниясы қыркүйек айында өтетін Surprise and Shine таныстырылымына шақыруларды тарата бастады. Іс-шара 9 қыркүйекте өтеді. Таныстырылым Астана уақытымен 22:00-де басталып, компания сайтында және YouTube платформасында тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Таныстырылым барысында iPhone 18 Pro, iPhone 18 Pro Max және компанияның алғашқы жиналмалы смартфоны таныстырылады деп күтіліп отыр. Оның атауы болжам бойынша iPhone Ultra болуы мүмкін.
Ал базалық iPhone 18 биыл шықпауы мүмкін. Ақпаратқа сәйкес, компания қолжетімді модельдердің шығарылымын көктемге ауыстырған.
Жаңа iPhone модельдерінің барлығы өнімділігі мен энергия тиімділігі жоғары Apple A20 Pro чипімен жұмыс істейді деп күтіліп отыр. «Pro» модельдерінің камерасы айтарлықтай өзгереді. Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – айнымалы диафрагма. Қалған сипаттамалары бойынша жаңа модельдер алдыңғы буынға жақын болады деп болжанып отыр.
Жад тапшылығына байланысты жаңа iPhone-дардың бағасы өсуі мүмкін деген болжам бар.
Жиналмалы iPhone – Apple-дің бұл форм-факторда шығаратын тұңғыш смартфоны. Оның сыртқы экранының диагоналі шамамен 5,5 дюйм, ал ішкі экраны 7,6 дюйм болады деп күтіліп отыр.
Құрылғының кейбір шектеулері мен кемшін тұстары да бар. Атап айтқанда, Face ID орнына Touch ID қолданылуы мүмкін. Смартфон камерасында телефотообъектив болмайды деген ақпарат бар.
Бұдан бөлек, таныстырылымда Apple Watch Series 12 және Apple Watch Ultra 4 смарт-сағаттарының жаңа нұсқалары көрсетіледі деп болжанып отыр.
Компанияның ақылды үйге арналған жаңа құрылғыларды да таныстыруы мүмкін. Олардың қатарында жаңа Apple TV 4K және жаңартылған HomePod mini бар.
Аппараттық жаңалықтармен қатар Apple iOS 27, iPadOS 27 және macOS Golden Gate операциялық жүйелерінің шығу күндерін де жариялайды деп күтіліп отыр.
