Астана тұрғыны жәбірленушінің жеке деректерін таратамын деп қорқытып, одан 17,6 миллион теңгеден астам ақша талап еткені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жәбірленушінің жеке өміріне қатысты мәліметтерді пайдаланып, оларды жариялаймын деп қорқытқан. Осы арқылы ол ақша талап еткен.
Психологиялық қысымды күшейту үшін сотталушы мессенджерде өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, жалған аккаунт құрған. Ол жәбірленушіні ақша беруге, яғни өзіне қатысты мәліметтердің таралмауына байланысты мәселені шешуге көндірген.
Қорқытулардың жүзеге асуынан қауіптенген жәбірленуші сотталушыға 17,6 миллион теңгеден астам ақша берген.
Мемлекеттік айыптаушы сот отырысында сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемені ұсынды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды бопсалауға бой алдырмауға және қорқыту фактілері орын алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.
