13 жастағы тігінші Сұлтан Маратұлы — Атырау қаласындағы Еркінқала орта мектебінің 8-класс оқушысы. Жас шебер 10 жасынан бері киім тігіп, қазір күнделікті өмірге қажет бұйымдарға тапсырыс қабылдап, табыс тауып жүр. Бір қызығы, оның отбасында тігінші жоқ екен. Сондықтан ол бұл саланы өз бетінше меңгеріп алған. Сұлтан тігіннен бөлек, спортпен де айналысып, каратэге қатысып жүр. Baribar.kz тілшісі Сұлтанмен тігін саласы жайлы, жетістіктері туралы сұхбат құрды.
«Алғашқы туындым — қарындасыма арнап тіккен белдемше»
Ол 3-класс оқып жүрген кезде тігін саласына қызыққан. 10-11 жасында киімнің нобайын (эскиз) сызып, киім тіге бастаған. Алғашқы туындысы — белдемше. Сұлтан белдемшені қарындасына арнап тіккенін айтты. Содан соң атасы Сұлтанның тігінге ебі бар екенін, қызығушылығы мен ынтасын байқап, тігін машина алып берген.
Отбасымызда тігінші жоқ. Тігін тігу атамның қолынан келеді, бірақ тұрақты түрде киім тікпейді. Мен бастапқыда әртүрлі реңдегі джинс маталарының қалдығын біріктіріп, қарындасыма белдемше тіктім. Оны инемен тіккен едім. Кейін атам мені қолдап, шабыттандыру үшін тігін машина сыйлады, — дейді жас тігінші.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сыпыра мен алжапқышқа тапсырыс қабылдап жүр
Сұлтанның сөзіне қарағанда, ол осы кезге дейін, яғни үш жылда әртүрлі киім мен тұрмысқа қажет бұйым тігуді үйреніп алған. Мысалы, жейде, костюм, сыпыра мен алжапқыш тіге алады.
Костюм тігу — қарапайым киім тігуге қарағанда сәл күрделі процесс. Өзіме жейде тіктім, анама көйлек пен екі түрлі костюм, қарындасыма корсет тігіп бердім. Алайда «Осы киім ерекше ұнайды» деп бөліп, айта алмаймын. Өйткені барлық туындым ұнайды, әрқайсы ерекше ыстық. Сонымен қатар қамыр жайып қоюға арналған сыпыра, асүйдегі ханымдарға алжапқыш, косметика салуға қалташа тігіп, тапсырыс қабылдаймын, — дейді.
Жас тігіншіге анасының жұмысындағы әріптестері мен әлеуметтік желі арқылы танитын таныстары тапсырыс береді екен. Сұлтан сыпыра мен алжапқыштың бағасы бекіту үшін мата көлемі мен өз еңбегін ескереді. Бір сыпыраны тігуге 1,5-2 сағат уақыт арнайды. Алжапқыш шамамен 4500 теңге тұрады, ал сыпыраның құны — 6000 теңге.

Тігінге де, мектептегі оқуына да үлгеріп жүр
Сұлтан тігін машинасының тілін түсініп, онымен жұмыс істеуді меңгеру үшін аса қатты қиналмаған. Жас тігіншінің сөзінше, костюм немесе жейденің жеңін жалғау күрделі болған. Тіпті бірде жейденің екі жеңін, яғни оң және сол жағын ауыстырып, теріс тігіп қойғанын айтты. Киім тігу оңай іс болмаса да, Сұлтан мектептегі оқуы мен тігін саласын қатар алып жүр.
Тігін тігу оқу үлгеріміме мүлдем кері әсер етпеді. Бәріне үлгеру үшін алдымен сабақ оқимын, кейін тігін тігуге уақыт арнаймын. Барлық пәнді төрт пен беске оқып жүрмін. Сүйікті пәндерім — информатика мен көркем еңбек, — дейді Сұлтан.
«Тігін тек қыздардың ісі емес»
Жас шебердің мектептегі мұғалімдері мен достары оның киім тігетінін білгенде таңқалып, мақтан тұтып қолдау көрсеткен.
Айналамдағы адамдар маған әрдайым қолдау көрсетеді. Фестиваль, көрмеде кезде келіп танысып, нөмірімді, инстаграм парақшамды сұрап алады. Жұрт мені мүлдем сынамады, «Тігін — тек қыздардың ісі» деп айтпады. Меніңше, тігін тек қыздарға арналған сала емес. Сондықтан қолыңнан келсе, істей берген жөн, — дейді тігінші.
Сұлтан болашақта киім дизайнері мамандығы бойынша білім алып, сән үйін ашқысы келеді. Ол қабілетін жетілдіріп, ерлер мен әйелдерге арналған дизайнерлік үлгідегі ерекше киімдерді жарыққа шығаруды қалайды.
Салауатты өмір салтын ұстану үшін каратеге қатысып жүр
Сұлтан бос уақытында спортпен айналысатынын айтты. Ол 10 жасынан бері каратеге қатысып жүр.
Карате бойынша спорт жарысына қатысып, бірнеше рет жүлде алдым. Денсаулығымды күтіп, денемді шынықтыру мақсатында тұрақты түрде каратеге барып, жаттығу жасаймын. Қазір менде қызғылт сары белбеу бар. Бұл — бастапқы деңгей, — дейді Сұлтан.
Мәдениет үйінде Сұлтанмен кездесу өткен
Сұлтан қабілетін арттырып, тәжірибе жинау үшін былтыр шеберлік сағатына қатысып, құрақ құрауды үйренген. Ол шеберлік сағаты жайлы ақпаратты жаңалықтардан естігенін айтты.

«Теңізшевройл» компаниясы мен «Қазақия» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырған «Асыл мұра» деген жобаға қатыстым. Құрақ құрап, көрпеше тігуді меңгеріп, алғыс хат алдым. Осы іс-шарада мұражай қызметкерлерімен таныстым. Олар байланыс нөмірімді алып, алдағы уақытта «Музей vibе» жобасына шақыратындарын айтты, — дейді жас тігінші.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Атыраудағы Еркінқала ауылдық мәдениет үйінде Сұлтанмен кездесу өткен. Кездесуге ауыл әкімі мен тұрғындар қатысып, жас тігіншімен сұхбат құрған. Бұл кездесу биыл этно-фестивальға, жәрмеңкеге қатысуына ықпал еткенін айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
