Басты бет / Жаңалықтар /
ақша, "Ұлттық қор - балаларға", Ұлттық қор
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Баланың ұлттық қордағы жинағын қалай тексеруге болады?

Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылдан бері 7 миллионға жуық баланың арнайы шотына қаражат аударылған. Үш жыл ішінде есептелген қаражаттың жалпы сомасы 2,5 миллиард доллардан асты. Baribar.kz жиналған ақшаны қалай тексеруге болатынын және бала 18 жасқа толғаннан кейін оны қандай мақсатта жұмсай алатынын білді.

Қорға қанша қаражат аударылды?

Президенттің айтуынша, 2024 жылы балалардың шотына 695,5 миллион доллар, 2025 жылы 888,8 миллион доллар, ал 2026 жылы 901,7 миллион доллар аударылды. Бағдарлама басталғалы қаражат шамамен 2,5 миллиард долларға жеткен.

Қаражат бағдарламаға қатысатын барлық бала арасында тең бөлінеді. Жыл сайын төлем көлемі ұлттық қордың инвестиция кірісіне байланысты өзгеріп отырады.

БЖЗҚ мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша әр балаға 100,52 доллар, 2024 жылы 129,38 доллар, ал 2025 жылы 130,71 доллар аударылған.

Бұл қаражат балалардың шотында жай ғана сақталып тұрмайды. Жиналған ақша ұлттық қор активінің құрамында қалып, инвестициялана береді. Сондықтан бағдарламаға алғашқы жылдан қатысқан балалардың жинағы үш жылдағы төлемнің қосындысынан да көп.

Мәселен, биыл бағдарламаның алғашқы жылынан бері қатысып келе жатқан баланың шотындағы кірісті есептегенде 370,56 доллар жиналған. Екінші жылдан бастап қатысқан балаларда – 263,93 доллар, ал 2025 жылы бағдарламаға қосылғандарда 130,71 доллар бар.

Жинақты қалай тексеруге болады?

Баланың бағдарламаға қатысатынын және оның шотында қанша қаражат жиналғанын БЖЗҚ сайтынан тексеруге болады. Ол үшін баланың ЖСН-ін енгізу қажет.

Ата-аналар мен заңды өкілдер бұл ақпаратты eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, eGov Mobile қолданбасынан және кей екінші деңгейлі банктің мобайл қолданбасынан да көре алады.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақ туралы ақпаратты өзі БЖЗҚ сайтындағы немесе мобайл қолданбадағы жеке кабинеті арқылы тексереді.

18 жасқа толған соң қаражатты жұмсау тәртібі

Кәмелетке толғанға дейін бұл қаражатты жұмсауға болмайды. Бала 18 жасқа толған жылы жиналған сома автоматты түрде оның БЖЗҚ-дағы мақсатты жинақтау шотына аударылады. Осыдан кейін азамат жинақты өз бетінше жұмсай алады. Қаражатты екі мақсатта қолдануға рұқсат бар: тұрғын үй алу немесе білім алуға.

Жинақты толық жұмсау міндетті емес. Егер қажет сома аз болса, қаражаттың бір бөлігін ғана пайдалануға болады. Қазірдің өзінде жиналған соманы алған жандар бар. 2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 тамызға дейін 338 252 адам шамамен 67,8 миллион доллар төлем алған.

2026 жылы осы қаражаттың 25,76 миллион доллары тұрғын үй алуға, тағы 10,77 миллион доллары білім алуға бағытталған.

Ақшаны бірден жұмсамауға да болады

18 жасқа толғаннан кейін жинақты бірден жұмсау міндетті емес. Егер азамат әзірге оқу ақысын төлеуді немесе тұрғын үй мәселесін шешуді жоспарламаса, қаражатты мақсатты жинақтау шотында қалдыра алады.

Жинақты пайдалануға 10 жыл беріледі.

Егер осы мерзім ішінде қаражат жұмсалмаса, оны мемлекет қайта алмайды. Қалған ақша азаматтың жеке зейнетақы шотына аударылып, зейнетақы жарнасы ретінде есепке алынады.

***

Тағы оқыңыз: 

Баланы интернет алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram