Басты бет / Жаңалықтар /
пәтер, баспана, тұрғын үй, кілт
Фото: Түркістан әкімдігі

Қазақстанда әлеуметтік тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгереді: кімдерге беріледі?

Қазақстанда баспана кезегіндегі азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі өзгереді. Енді бөлме санына қатысты нақты нормалар белгіленіп, жетім балалар мен басқа да жеңілдік алушыларға арналған квоталар бекітілді, ал ауылдық жерлер үшін өтінім берудің жаңа тәртібі енгізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балаларға беріледі

Жаңа тәртіп бойынша коммуналдық тұрғын үй қорының немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінеді.

Осы санаттағы азаматтар саны белгіленген квотадан аз болса немесе олар тұрғын үй алуға қойылатын талаптарға сәйкес келмесе, қалған тұрғын үй басқа басым санаттарға беріледі.

Тағы 50%-ы басым санаттарға

Тұрғын үйдің кемінде 50%-ы  I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жесірлерге, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және тиісті талаптарға сай басқа кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі.

Осы квотаға отбасы құрамында I немесе II топтағы мүгедектігі бар баласы не ересек адамы бар басқа санаттағы кезекте тұрған азаматтар мен қандастар да енгізілді.

Осылайша, басым санаттарға жалпы тұрғын үй көлемінің кемінде 70%-ы бағытталады. Қалған тұрғын үй басқа кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінеді.

Негізгі квоталар бойынша тұрғын үйлер бөлінгеннен кейін қалған пәтерлерді басқа кезекте тұрған азаматтар ала алады. Бұл ретте олардың кезекке қойылған күні мен отбасының табысы ескеріледі.

Белгіленген квота бойынша үміткерлер саны жеткіліксіз болса, тұрғын үй басқа басым санаттарға, одан кейін қалған кезекте тұрған азаматтарға берілуі мүмкін.

Табыс бойынша не өзгерді?

Табыс шегі өзгерген жоқ, бірақ оны есептеу тәртібі нақтыланды. Енді кезекте тұрған азаматтың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстанда алған еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстары есепке алынады:

  • үш және одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін – әр адамға 2 күнкөріс минимумы (101,7 мың теңгеге дейін);
  • екі адамнан тұратын отбасы үшін – әр адамға 3,5 күнкөріс минимумы (177,9 мың теңгеге дейін);
  • бір адам үшін – 5,5 күнкөріс минимумы (279,6 мың теңгеге дейін).

Күнкөріс минимумы (КМ) – 2026 жылы 50 851 теңге.

Бұған дейін еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін жиынтық табыс есепке алынған.

Қанша бөлме берілетіні де нақтыланады

Алғаш рет бөлмелер санына қатысты нақты нормалар бекітілді:

  • ерлі-зайыптыларға – бір бөлме;
  • бір жынысты отбасы мүшелеріне – екі адамға бір бөлме;
  • әртүрлі жынысты отбасы мүшелеріне – ерлі-зайыптыларды қоспағанда, бөлек бөлмелер.

Кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдарға және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға қосымша бөлме қарастырылады. Оның ауданы артық тұрғын алаң ретінде есептелмейді.

Талапқа сай пәтер табылмаса, кезекте тұрған азаматтың келісімімен оған ауданы кіші тұрғын үй беріледі.

Ауылдарда тұрғын үй алудың жаңа тәртібі

Ауылдық жерлерде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін өтініш берудің жеке тәртібі енгізілді. Енді ауылдарда тұрғын үйді автоматты түрде бөлу жүргізілмейді.

Кезекте тұрған азаматтар жалға берілетін тұрғын үйді өздері таңдап, Отбасы банкінің сайты арқылы өтініш беруі қажет. Бұл норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Тұрғын үйді бөлу автоматтандырылады

Жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша тұрғын үйді бөлу және баспана беру туралы шешім қабылдау Отбасы банкінің автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Жүйе белгіленген квоталар мен азаматтардың санаттарын ескереді.

Бұған қоса, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана кезекке қойылған күннің басымдығы негізінде бөлінеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram