Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттары болған бірқатар азаматты бұрынғы қызметтерінен босатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, президент жарлығымен Сатыбалды Бұршақов, Дархан Ахмедиев, Абай Алтай және Ербол Адаев атқарған мемлекеттік лауазымдарынан босатылды.
Қандай қызметтер атқарған?
- Сатыбалды Ересұлы Бұршақов Қазақстанның Солтүстік Македония Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған.
- Дархан Мейрамұлы Ахмедиев Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары болды.
- Абай Алтай Қазақстан Республикасы президенті іс басқарушысының орынбасары қызметін атқарған.
- Ал Ербол Дәненұлы Адаев Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болды.
Енді аталған азаматтар Құрылтайдың бірінші шақырылымы депутаттарының қатарында жұмыс істейді.
