Басты бет / Жаңалықтар /
саяхат, Жерорта теңізі, турист, демалыс,
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

21 күннен 30 күнге дейін: Орта Азияда еңбек демалысы қанша күн?

Орталық Азия елдерінде жұмысшыларға берілетін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы әртүрлі. Өңірде ең ұзақ демалыс Түрікменстанда қарастырылған, ал ең қысқа мерзім Өзбекстанда. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстан азаматтары қанша күн демалады?

Finprom.kz мәліметінше, Қазақстанда жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысының ең төменгі ұзақтығы 24 күнтізбелік күн. Бес күндік жұмыс аптасында демалысқа сәйкес келген сенбі мен жексенбі демалыс мерзіміне кіреді. Алайда демалыс ақысы жұмыс күндеріне қарай есептеледі.

2025 жылы Қазақстанда бір жалдамалы қызметкерге орта есеппен 26,4 демалыс адам-күні келген. Бұл көрсеткіш қосымша ақылы демалыстарды да қамтиды. Кейбір мамандық иелеріне негізгі 24 күннен әлдеқайда ұзақ демалыс беріледі. Мәселен, педагогтардың жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы 56 күнтізбелік күн болады.

Ал зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша демалыс қарастырылған. 2025 жылы мұндай мүмкіндікті 559,1 мың жұмысшы пайдаланған.

Орталық Азия елдерінде жағдай қандай?

  • Қырғызстанда жыл сайынғы ең төменгі ақылы еңбек демалысы 28 күнтізбелік күн. Демалысқа сәйкес келген сенбі мен жексенбі де есепке алынып, төленеді.
  • Тәжікстанда негізгі еңбек демалысы 24 күнтізбелік күн. Қазақстандағыдай демалыс мерзімі 24 күн болғанымен, бес күндік жұмыс аптасында демалысқа түскен сенбі мен жексенбі де төленеді.
  • Түрікменстанда еңбек демалысының ең төменгі ұзақтығы 30 күнтізбелік күн. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Бес күндік жұмыс аптасында демалысқа түскен демалыс күндері де төленеді.
  • Ал Өзбекстанда ең төменгі еңбек демалысы 21 күнтізбелік күн. Бұл – өңірдегі ең төменгі көрсеткіш.

Өзбекстанда сенбі мен жексенбі демалыс мерзіміне кіреді. Алайда 2025 жылғы ақпаннан бастап демалыс ақысын есептеу кезінде жексенбі күндері есепке алынбайды, ал сенбі күндері төленеді.

Осылайша, Орталық Азия бойынша ең төменгі негізгі ақылы еңбек демалысы Түрікменстанда – 30 күн, одан кейін Қырғызстанда – 28 күн. Қазақстан мен Тәжікстанда – 24 күннен, ал Өзбекстанда – 21 күн.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram