Алматы мен Астана Қазақстандағы баспана жалдау бағасы ең жоғары қалалардың қатарында. Алайда жеке пәтер жалдау қалтаға салмақ салса, бұдан да арзан нұсқалар бар. Мысалы, хостелден орын алу, бөлмені басқа адаммен бірге жалдау немесе бірнеше адам болып пәтер жалдауға болады.
Baribar.kz Алматы мен Астанада баспана жалдауға айына ең аз дегенде қанша қаражат қажет екенін білді.
Хостелдегі орын
Krisha.kz дерегінше, ең арзан нұсқа – хостелден орын алу. Алматы мен Астанада оның бағасы тәулігіне шамамен 1500 теңгеден басталады.
Бір айға есептегенде бұл шамамен 45 мың теңге болады. Кей хостелде бірден бір айға төлеген жағдайда арзанырақ шығады. Мәселен, Алматыда айына 35 мың теңгеден басталатын нөмірлер кездеседі.
Жайлырақ орынның бір тәулікке бағасы 2000-3000 теңге, демек, айына шамамен 60-90 мың теңге. Тәулігіне 5000 теңгеге дейінгі нұсқалар да бар.
Әдетте, бір бөлмеде 6–10 адам тұрады. Төсек көбіне екі қабатты, кейде капсула түрінде болады. Ерлер мен әйелдерге арналған бөлек бөлмелер де бар. Баға төсектің орналасуына қарай өзгеруі мүмкін. Әдетте төменгі орын қымбатырақ болады.
Көбіне хостел бағасына Wi-Fi, ас үй, душ пен дәретхана, кір жуғыш машина, жеке заттарға арналған шкаф, теледидары бар ортақ демалыс бөлмесі және автотұрақ кіреді.
Толық пәтерді емес, бір бөлмені жалдау
Тағы бір арзан нұсқа – пәтерді толық жалдамай, жеке бөлме алу. Бұл жағдайда жатын бөлме өзіңізге тиесілі болады, ал ас үй мен жуынатын бөлме ортақ. Мысалы, пәтер иесі екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде өзі тұрып, екіншісін жалға беруі мүмкін. Алматыда мұндай ұсыныс бағасы шамамен 60 мың теңгеден, Астанада 30 мың теңгеден басталады.
Мұндай баспанаға көшпес бұрын пәтерде тағы кім тұратынын, бағаға не кіретінін және коммуналдық төлемді әр тұрғын қалай төлейтінін ертерек нақтылап алған жөн.
Жер үйден бөлме жалдау
Хабарландыруда кездесетін тағы бір тиімді нұсқа – жер үйден орын жалдау.
Мұндай үйлерді көбіне бірнеше адамға бірден жалға береді. Мысалы, студенттерге немесе тек ерлерге мен әйелдерге арналған болуы мүмкін. Көбіне үйде бірнеше бөлме, ал әр бөлмеде бірнеше жатын орын болады.
Алматыда жер үйден бөлме жалдау бір адамға шамамен 50 мың теңгеден басталады. Бұған коммуналдық төлемдер қосымша төленуі мүмкін. Бұл – хостел мен жеке пәтерден бөлме жалдауға ұқсас нұсқа деуге болады. Дегенмен мұнда тұрғын саны үлкен хостелге қарағанда аздау, бірақ ас үй мен жуынатын бөлме бәріне ортақ.
Пәтерді бірнеше адам болып жалдау
Хостелде тұруды немесе бөлмені бөтен адаммен бөлісуді қаламасаңыз, достарыңызбен бірігіп, пәтер жалдауға болады. Мысалы, айына 300 мың теңге тұратын пәтерді екі адам жалдаса, әрқайсы 150 мың теңге төлейді.
Бірге пәтер жалдаған кезде келісімшартқа барлық тұрғынды қосып, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдердің қалай бөлінетінін бірден білген маңызды.
Баспанаға кірмес бұрын нені тексеру керек?
Қандай бюджетке сай нұсқаны таңдасаңыз да, баспананы көрмей, құжаттарын тексермей тұрып ақша аудармаған жөн.
Әрдайым жалдау шартын жасаңыз. Құжатта жалдау құны, мерзімі, тұрғын саны, коммуналдық төлемді төлеу тәртібі және тұрудың басқа да талаптары көрсетілуі керек.
***
Тағы оқыңыз:
