Басты бет / Жаңалықтар /
Непалдағы су тасқыны
Фото: bb.lv

Непал мен Қытай шекарасында жойқын тасқын болды. Қазақстан азаматтары туралы не белгілі?

Непал мен Қытайдың Тибетпен шекаралас аймағында болған жойқын су тасқыны мен лай-тас көшкінінен қаза болғандар саны артып барады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қазір апаттан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.

Қазір Непал мен Қытай шекарасындағы су тасқынынан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ, – деді СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Жүздеген адам із-түзсіз жоғалған

Апат 26 тамызда Непал мен Қытайдың Тибет аймағы шекарасында болған. Үлкен көлемдегі мұз, тас пен лайдың өзенге құлауы салдарынан жойқын тасқын пайда болған. Су үйлерді, жолдар мен көпірлерді және энергетикалық нысандарды шайып кеткен. Reuters мәліметінше, Непалда кемінде 162 адам қаза болған, ал жүздеген адам із-түзсіз жоғалған.

Апат болған өңір туристер мен қажылар жиі баратын бағыттардың бірі саналады. Непал билігінің мәліметінше, жүздеген турист хабар-ошарсыз кеткен. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Алдын ала дерек бойынша, тасқынға мұздықтың бір бөлігінің опырылып түсуі себеп болған. Reuters сарапшылары спутниктік суреттерді зерттей отырып, шамамен 5200 метр биіктіктегі мұздықтың бір бөлігі төменге құлап, үлкен көлемдегі мұз, тас пен лайды өзен аңғарына түсіргенін анықтаған.

Непалдағы су тасқыны
Фото: Depositphotos.com

Қытай аумағында да жағдай күрделі

Табиғи апат Қытайдың Тибет аймағындағы Гиронг уезін де қамтыған. Онда жолдар, байланыс және электр желілері зақымданған.

Қытай мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, Гиронгта жүздеген адам із-түзсіз жоғалған, олардың арасында шетел азаматтары да бар.

Қазір екі елде де іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Таулы аймақтағы жолдар мен байланыс инфрақұрылымының зақымдануы құтқарушылардың жұмысын қиындатып отыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram