Басты бет / Жаңалықтар /
мектеп жөндеу
Фото: https://www.threads.com/@sandjiina/

Тоқаев: Мұғалімнің міндеті – мектеп жөндеу емес, бала оқыту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында мұғалімдерді мектеп жөндеу жұмыстарына және оқу процесіне қатысы жоқ шараларға тартуға болмайтынын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Президент ең алдымен педагогтерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, артық тексерістерден және аттестацияға қатысты қажетсіз талаптардан босату керектігін атап өтті.

«Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына тартуға болмайды»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда білім беру инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік сервистер мен қызметтерді біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мұғалімдердің уақытын алатын қосымша шаруаларды азайтуға мүмкіндік беруі керек.

Педагогтарды ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек. Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды, – деді президент.

Министрлік пен әкімдіктерге міндет қойылды

Мемлекет басшысы оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктердің білім басқармалары педагогтердің негізгі міндетіне назар аударуы керек екенін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бұл органдар ең алдымен құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдіруге, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және білім беру бағдарламаларын мұқият саралауға басымдық беруі қажет.

Президент мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыға сапалы білім беру және оның дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.

Еске салайық, Атыраудағы мемлекеттік мектептердің бірінде педагогтың мектеп әкімшілігі тарапынан қысым көргені туралы шағымы әлеуметтік желіде тарады. Мұғалім әлеуметтік желіде жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп кабинетін жөндеуге тартылғанын айтқан.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram