Басты бет / Жаңалықтар /
арықтау, артық салмақ, диета
Фото: Depositphotos.com

Артық салмақты анықтаудың қарапайым тәсілі: бел өлшемі нені көрсетеді?

Жаңа зерттеу бел айналымын өлшеу ағзадағы артық май мөлшерін анықтаудың қарапайым әрі тиімді тәсілі болуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Зерттеу нәтижесі

АҚШ-тағы Rutgers University зерттеушілері 20–59 жас аралығындағы 1900 ересек адамның деректерін талдаған. Ғалымдар семіздікті анықтаудың бірнеше тәсілін салыстырып, олардың тиімділігін денедегі май мөлшерін дәл өлшейтін әдіс арқылы бағалады.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бел айналымын жеке немесе дене салмағының индексімен (ДСИ) бірге өлшеу – бірнеше көрсеткішке негізделген күрделі әдістер сияқты дәл нәтиже береді.

Бел айналымын өлшеу неліктен маңызды?

Ғалымдардың айтуынша, дене салмағы индексі адам денесінің ерекшеліктерін және майдың қай жерде жиналғанын толық көрсете алмайды. Сондықтан ДСИ қалыпты болған адамның өзінде денсаулыққа қауіп төндіретін артық май болуы мүмкін.

Зерттеушілердің пікірінше, бел айналымын өлшеу денедегі артық маймен байланысты қауіп-қатерлерді ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе 2-типтегі диабет, жүрек ауруы, инсульт және кейбір қатерлі ісік түрлерінің қаупін бағалауда маңызды болуы мүмкін.

Зерттеуде бел айналымын өлшеу дәрігерлер үшін де, пациенттер үшін де ыңғайлы екені атап өтілген. Ал жаңа ұсынылған күрделі тәсілдердің бірі бел өлшемімен қатар дене салмағы индексін, белдің бойға және жамбасқа қатынасын есептеуді қажет етеді.

ДСИ әрдайым толық ақпарат бермейді

Ғалымдар ДСИ-дің өзі денедегі май мөлшері бойынша семіздік межесіне кіретін адамдардың біраз бөлігін анықтай алмайтынын анықтады. Бұл көрсеткіштің ағзаның жеке ерекшеліктерін және майдың таралу аймақтарын толық ескере алмайтынын көрсетеді.

Зерттеу авторларының пікірінше, алынған нәтижелер болашақта семіздікті анықтау тәсілдерін жетілдіруге және бел айналымын медициналық тәжірибеде жиірек қолдануға негіз болуы мүмкін.

Семіздік қалай анықталады?

Эндокринолог-дәрігер Рита Әлімбекқызының Baribar.kz тілшінің берген сұхбатында бұрын семіздік көбіне адамның өмір салтына байланысты туындайды деп есептелсе, бүгінде ол созылмалы әрі қайталануға бейім ауру ретінде танылатынын айтты.

«Семіздік дене салмағының индексі (ДСИ) 30 кг/м² немесе одан жоғары болған кезде диагноз ретінде қойылады. Дене салмағының индексі мына формула бойынша есептеледі:

ДСИ =дене салмағы (кг)/бой² (м²)

ДСИ 25 кг/м²-ден асқан кезде-ақ ағзадағы зат алмасу өзгере бастайды. Бұл созылмалы қабынуға, оксидатив стреске және әртүрлі метаболика бұзылыстарының дамуына себеп болуы мүмкін. Мұнда бел айналымы да маңызды көрсеткіштердің бірі.

Қалыпты жағдайда:

  • әйелдерде бел айналымы 80 сантиметрден төмен болуы керек;
  • ерлерде 94 сантиметрден төмен болғаны дұрыс».

Тағы оқыңыз:

Артық салмағы бар адам саны неліктен көбейіп барады және артық салмақтың әсері қандай?

Диетасыз, спортсыз қалай арықтауға болады? Салмақ тастаудың 7 жолы

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram