Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілерде білім саласына қатысты жиі туындайтын қызу пікірталастар мен орынсыз даулардың пайдасы аз екенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында ұстаздар қауымын бос сөзге емес, ортақ іске жұмылуға шақырды.
«Айқай-шу мен даңғазаның пайдасы жоқ»
Президент білім жолының сынағы мен қиындығы көп екенін айтып, саладағы мәселелерді шешу үшін табанды еңбек қажет екенін атап өтті.
Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлеуметтік желілерде білім жүйесіне қатысты қызу пікірталастар болып тұратынына назар аударды. Оның айтуынша, кейде мұндай дауларға білім саласының бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары да араласады.
Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болып жатыр, – деді президент.
«Қазір бос сөздің уақыты емес»
Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың болашағы үшін алаңдап, нақты ұсыныс айту мен көпшілікке танылу мақсатында пікір білдірудің ара-жігін ажырату қажет екенін айтты.
Балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе, – деді ол.
Президенттің пікірінше, нәтижесіз дауға уақыт жұмсау білім саласының дамуына кедергі келтіреді.
Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
