Басты бет / Білім /
мектеп ,оқушы, алғашқы қоңырау, мұғалім
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстанға тағы 5 мың мұғалім керек. Тоқаев министрлікке тапсырма берді

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жою және мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажет екенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, педагог мамандығын таңдаған жастардың саны артып келеді. Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иеленген. Олардың 2 мыңнан астамы «Алтын белгі» иегері.

Қазақстанға тағы 5 мыңнан астам мұғалім қажет

Президент кадр мәселесі әлі толық шешілмегенін атап өтті. Халық санының өсуі және жаңа мектептердің көптеп салынуына байланысты елімізге тағы 5 мыңнан астам мұғалім қажет.

Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы педагогтардың біліктілігін арттырумен қатар, білім беру саласына қажет мамандарды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу маңызды екенін айтты.

Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық азайып келеді

Президент білім беру саласындағы жетістіктерге де тоқталды. Оның айтуынша, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығы біртіндеп азайып келеді. Былтыр қазақстандық оқушылар 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алған. Ал ауыл мектептерінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерлерінің саны 10 есе өскен.

Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет, – деді мемлекет басшысы.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram