Басты бет / Жаңалықтар /
пластик
Фото: Rusty Bailey/SIUC Media & Communication Resources/Futurism

Ғалымдар пластик бөтелкелерден тағам жасау технологиясын әзірледі

АҚШ ғалымдары пластик қалдықтарын қайта өңдеп, одан тағам өндіруге мүмкіндік беретін технология ұсынып отыр. Зерттеушілердің бұл жобасы пластик қалдықтарын азайтып қана қоймай, болашақта азық-түлік мәселесін шешуге де көмектесуі мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Экспериментте негізгі шикізат ретінде полиэтилентерефталат (PET) қолданылған. Бұл материал пластик бөтелкелер, қаптамалар және синтетикалық маталар өндірісінде кеңінен пайдаланылады.

Алдымен PET химиялық жолмен өңделеді. Ол үшін жылу, су және оттегі қолданылатын тотықтырғыш гидротермия еріту процесі жүргізіледі. Нәтижесінде пластиктің ұзын полимер тізбектері ыдырап, микроорганизмдер сіңіре алатын қарапайым көміртек қосылыстарына айналады.

Бұдан кейін арнайы ашытқы штамдары шикізатты өңдеп, ақуыз бен майдан тұратын табиғи биомассаға айналдырады. Тағы бір ашытқы штамы өсімдік сабақтары сияқты ауыл шаруашылығы қалдықтарын хош иісті қосылыстарға айналдыра алады. Олардың қатарына өнімге ваниль хош иісін беретін қосылыстар да жатады.

Алынған қоспаға талшық, крахмал және тәттілендіргіш сияқты тағам компоненттері қосылады. Кейін арнайы жасалған 3D-принтер осы материалдан қажет пішіндегі өнімді басып шығарады.

Зерттеушілер алғашқы μBites үлгілерін әзірлегенімен, әзірге олардың дәмін татып көрмеген. Ғалымдар өнімнің дәмін тексеру үшін университеттен арнайы рұқсат күтіп отыр.

Жоба NASA қаржыландыратын, ұзақ мерзімді ғарыш сапарларында адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін зерттейтін бағдарлама шеңберінде әзірленген. Ғалымдардың пікірінше, мұндай технология болашақта тек ғарышта ғана емес, Жерде де қолданылып, пластик қалдықтарын қайта өңдеу мен азық-түлік тапшылығы мәселелерін қатар шешуге мүмкіндік беруі ықтимал.

Тағы оқыңыз:

Көзге көрінбейтін қауіп: микропластик адам ағзасына қалай әсер етеді?

Пластик ыдысты микротолқынды пеште қыздыруға бола ма? Мамандар не дейді?

Тритан, пластик, металл әлде шыны: су бөтелкесін қалай таңдаған дұрыс?

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok