Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында Құрылтайды сайлау туралы сөз қозғады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президент сайлау кезінде партиялық тізімдерге тәжірибелі мамандармен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енгенін атап өтті.
«Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандырды»
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, партиялар ұсынған тізімдерде әртүрлі салада тәжірибесі бар мамандармен бірге саясатқа алғаш қадам басқан азаматтар да болды.
Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енді. Олардың қатарында қабілетті жастар, солардың ішінде президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар. Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскені сөзсіз, – деді президент.
Мемлекет басшысы халыққа адал қызмет етуге дайын, жауапкершіліктен қорықпайтын және жаңашыл азаматтарға мүмкіндік берілгенін атап өтті.
Түптеп келгенде, бұл – қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс, – деді Тоқаев.
«Жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатыр»
Президент сайлауалды кезеңде саяси партиялардың белсенділігін, олардың идеологиялық ұстанымдары мен кәсіби деңгейін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, саяси дода барысында елдің болашағына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды ұсыныс айтылды. Ал сайлаушылар өз кезегінде әр мәселе бойынша пікірін ашық білдірген.
Тоқаев бұл үрдіс ұлттық теледебаттар мен ақпарат алаңдарындағы ашық пікірталастардан анық байқалғанын айтты.
Осылайша, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып жатыр, жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатыр, – деді мемлекет басшысы.
