Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдау және олардың жетістіктерін ынталандыру шараларын күшейту қажеттігін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мемлекет басшысы жаңа цифрлық дәуірде адами капиталының ел дамуы үшін аса маңызды факторға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан балалары халықаралық деңгейде өздерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп жүр.
Президент халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары жақында Ақордаға лайықты марапаттарын алу үшін арнайы келгенін еске салды.
«Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырдым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, енді оқушыларға олимпиадалардағы жетістіктері үшін ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі.
Мемлекет басшысы озық технологиялар мен жастардың зияткерлік әлеуетінің үйлесуі қазірдің өзінде елеулі экономикалық нәтиже беріп отырғанын айтты. Атап айтқанда, жаңа стартаптар құрылып, алғашқы «сыңармүйіз стартаптар» пайда болған.
Президент осы тәжірибені кеңейту үшін білім беруді басты орынға қоятын инновациялық экожүйе құру қажет екенін атап өтті.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталғанын айтты.
