Үш баланың анасы Айтжан Қуандыққызы балаларын кішкентай кезінен қазақ және ағылшын тіліне қатар үйретіп келеді. Отбасы АҚШ-та тұрған кезде үлкен ұлы төрт жаста, қызы бір жаста болған. Ағылшын тілді орта мен балабақша балалардың тілге тез бейімделуіне мүмкіндік берген.
Baribar.kz тілшісі Айтжан ханыммен сөйлесіп, балаларының бірнеше тілді қалай меңгергенін сұрады. Сонымен қатар АҚШ-тағы өмір олардың тіл үйренуіне қалай әсер еткенін және ана тілі мен өзге тілдің арасында тепе-теңдік сақтаудың маңызын білді.
«АҚШ-қа бару мақсатымыз «Болашақпен» білім алу еді»
Айтжан Қуандыққызы Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген. Мамандығы — ағылшын тілі мұғалімі. Қазір әлеужелі қолданушыларын ағылшынша сөйлеп таңғалдырып жүрген Мұстафа, Мәриям және Әмина есімді бүлдіршіннің анасы.
Біз шетелге кеткенде ұлым Мұстафа төрт жаста, ал Мәриям бір жаста болды. АҚШ-қа бару мақсатымыз «Болашақпен» білім алу еді. Қазір елге оралдық, отбасыммен Астанада тұрамыз. Балаларымыз қазақ класқа, балабақшаға барады, — дейді Айтжан ханым.

Оның айтуынша, балалардың тілді тез меңгеруіне АҚШ-тағы ағылшын тілді орта әсер еткен. Мұстафа Америкадағы балабақшаға екі жарым жылдан астам уақыт барды. Ал Мәриям жарты жылдан аса ағылшын тілді ортада болып, әріпті алғаш сол жерде таныған.
Балалар балабақшаға барған кезден бастап ақпаратты ағылшын тілінде қабылдады. Үлкенім кітапханаға барған сайын ағылшынша кітап оқуға әуес еді. Сондықтан бұл тіл олар үшін жай сабақ емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды, — дейді Айтжан Қуандыққызы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қос тілді қатар үйрену балаға қиын ба?
Қазір Мұстафа сегіз жаста, Мәриям бес жаста, ал кенже қызы Әмина екі жаста. Үлкен ұлы үш жасынан бастап таза қазақ тілінде сөйлеген. Ал төрт жасында АҚШ-қа барған соң, ағылшын тілін қатар меңгере бастаған.
Мәриямның тіл үйрену тәжірибесі өзгеше болды. Ол бір жасынан ағылшын тілді ортада болғандықтан, тілі кеш шығып, ағылшынша сөйлей бастады. Қазір қазақ тіліндегі балабақшаға барады және қазақшасы жақсарып келеді. Ал екі жастағы Әминаның тілі толық шықпады. Оның білетін сөздері негізінен қазақ тілінде, — дейді анасы.
Айтжан ханым отбасында жолдасы екеуі бір-бірімен тек қазақша сөйлесетінін айтты. Балалар да әкесімен және ата-әжесімен қазақ тілінде ой алмасады. Ал олар ағылшын тілін ұмытпауы үшін қайын сіңлісі екеуі көбіне ағылшынша сөйлеседі.
Дегенмен АҚШ-та тұрған кезде отбасы үшін тіл мәселесі өзекті болған. Балалар ағылшын тілін тез меңгергенімен, қазақ тілін ұмыта бастаған.
АҚШ-та барлық ақпаратты ағылшын тілінде қабылдағандықтан, үлкенімнің қазақ тілі біртіндеп әлсірей бастады. Себебі, оның тілдесетін ортасы түгелге жуық ағылшынша еді. Бұл екі тілді қатар үйренудің біз байқаған кері әсері, — дейді Айтжан Қуандыққызы.
Осыдан кейін кейіпкеріміз балаға бірнеше тіл үйреткенде оның қандай ортада өмір сүретіні маңызды екенін түсінген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Елге оралған соң қайта бейімделу қалай болды?
Қазақстанға оралғаннан кейін балалар үшін тағы бір тілді қабылдау кезеңі басталған. Астанаға келгенде үлкен ұлы Мұстафа ауладағы орысша сөйлейтін балалардың сөзін түсінбеген. Жазғы демалыста балаларға арналған бағдарлама мен спорт үйірмелеріне барған кезде де орыс тіліндегі қарым-қатынас оған қиынға соққан.
Кейде балалармен сөйлескенде орысша айтылған сөздерді түсінбей, «олар не деп жатыр, мен түсінбеймін» деп көңіл-күйі түсетін. Қазір құлағы үйренген сынды, бұрынғыдай көңіліне алмайды. Дегенмен орыс тілінде әлі сөйлей алмайды, — дейді Айтжан ханым.
Отбасы қазір балаларына орыс тілін арнайы үйретіп жатпағанын айтты. Дегенмен Мұстафа ауладан, кластастарынан немесе теледидардан естіген сөздердің мағынасын анасынан сұрайды және жаңа сөздерді тез жаттап алады.
Айтжан ханым болашақта балаларына қытай және испан тілін де үйрету жоспары бар екенін айтты.

Ағылшын тілін мультфильм мен танымдық контент арқылы дамытады
Қазір Мұстафа көп сұрақ қоятын жаста. Кейде анасы оның барлық сұрағына бірден жауап бере алмайды. Мұндай жағдайда Айтжан ханым ағылшын тіліндегі танымдық контентті көрсетуге тырысады.
Олардың қатарында YouTube-тағы Zack D. Films арнасы бар. Сонымен қатар балалар кино мен мультфильмдерді өздері қалаған кезде ағылшын тіліне ауыстырып көреді.
Нәтижесінде ағылшын тілі балалардың күнделікті өмірінде тек сөйлесу кезінде емес, түрлі контентті көріп, білім алу барысында да қолданылады.
«Барлық баланың тіл үйренуге икемі бірдей емес»
Айтжан Қуандыққызы баласына бірнеше тіл үйреткісі келетін ата-ана алдымен оның қабілетіне назар аударуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, ағылшын тілді ортада тұрмаған баланың тіл үйрену процесі сол тілді күнде еститін баладан өзгеше болуы мүмкін.
Барлық баланың тіл үйренуге икемі бірдей емес. Кейбірі қанша оқыса да ағылшын тілінде еркін сөйлеп кете алмауы мүмкін. Мұндайда баланы қатты қинамай, жақсы мұғалім тауып, ағылшын тілді ортаға бейімдеуге көмектескен дұрыс. Тіл үйрену көбіне тәжірибеге байланысты. Себебі, іс жүзінде жиі тәжірибе болмаса тіл де тез ұмытылады, — дейді Айтжан ханым.

Балаға қай жастан өзге тілді үйрету керек?
Айтжан ханымның пікірінше, балаға өзге тілді үйретуде шектеу жоқ. Дегенмен ол алдымен ана тілін толық меңгеріп алғаны дұрыс деген ұстанымды қолдайды.
Дамыған елдердің тәжірибесін мысалға алайық. Мәселен, Жапонияда шет тілді шамамен сегіз-тоғыз жастан бастап үйретеді, мұндай тәсіл де дұрыс. Бұл әр елде, отбасыда жеке талқылануы керек тақырып деп есептеймін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
***
Тағы оқыңыз:
