Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Дәурен Есламбекұлының істі прокурорға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қорғаушы қылмыстық істі заң бұзушылықтарды жою және қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды сұраған. Оның пікірінше, Жұбаниязованың әрекеті немесе әрекетсіздігі мен болған салдар арасындағы себеп-салдарлық байланыс толық анықталмаған.
Адвокат қандай уәж айтты?
Қорғаушы соттан қосымша тергеу жүргізіп, істегі бірқатар кемшілікті жоюды сұрады.
Соттан осы өтінішті қанағаттандырып, қылмыстық істі қылмыстық-процестік заңнамадағы елеулі бұзушылықтарды жою және қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды сұраймын. Сонымен қатар Жұбаниязованың әрекеті мен әрекетсіздігі және одан туындаған салдар арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау бағытында тергеудің толық жүргізілмеуіне қатысты кемшіліктерді жоюды сұраймын, – деді Дәурен Есламбекұлы.
Адвокаттың айтуынша, техникалық және қаржылық құжаттарды сұрату, ғимараттың жағдайына бұрын жауапты болған адамдарды анықтап, олардан жауап алу қажет.
Сонымен қатар нысанның қазіргі жағдайын зерттеп, қосымша құрылыс-техникалық және қаржылық-экономикалық сараптамалар жүргізу ұсынылды.
Прокурор Саяжан Серикова қорғау тарапының өтінішіне қарсылық білдірді. Оның айтуынша, сот қылмыстық іс материалдарын зерттеуге әлі кіріскен жоқ, қазір жәбірленушілерден жауап алу кезеңі жүріп жатыр.
Сот істі прокурорға қайтаруға негіз таппады
Сот қорғау тарапының уәждерімен келіспеді. Қаулыда қылмыстық-процестік заңнамадағы елеулі бұзушылықтарды жою сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз етумен байланысты болмауға тиіс екені көрсетілген.
Қылмыстық-процестік заңнамадағы елеулі бұзушылықтарды жою сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз етумен байланысты болмауға тиіс, – делінген сот қаулысында.
Сот түсіндіргендей, ҚПК-нің 323-бабында істі прокурорға қайтару сотқа дейінгі тергеуді қайта жүргізу үшін емес, нақты процестік немесе құқықтық кедергілерді жою үшін қарастырылған. Мұндай негіздерге, атап айтқанда, қорғау құқығының бұзылуы немесе айыптау құжатында жоюға келмейтін қателердің болуы жатуы мүмкін.
Бұл іс бойынша сот прокурорға қайтаруға негіз жоқ деп таныды. Осыған байланысты қорғау тарапының өтініші қанағаттандырылмады.
