Жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалы барған сайын байқалып келеді. Америка ғалымдарының жаңа зерттеуіне сәйкес, жасанды интеллект ықпалы жоғары салаларда 22–25 жас аралығындағы жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші төмендегені байқалады, ал тәжірибелі қызметкерлерге бұл құбылыстың әсері әлі айтарлықтай байқала қойған жоқ. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Зерттеу нәтижесі
Зерттеушілер ADP компаниясының тұрақты жинақталған жалақы жөніндегі құпия мәліметтер қорына сараптама жүргізді. Мамандықтардың ЖИ әсеріне қаншалықты бейім екенін анықтау үшін бұған дейінгі зерттеулер мен Anthropic компаниясының Claude ассистентін нақты жұмыста қолдану жиілігін көрсететін экономикалық индекс пайдаланылды.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ЖИ ықпалы жоғары салалардағы 22–25 жастағы мамандардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші басқа салалардағы әріптестерімен салыстырғанда 19%-ға төмен болған. Бір жыл бұрын бұл айырмашылық 13% еді.
Зерттеушілер 2022 жылдан кейінгі динамиканы бөлек қарастыра келе, жасанды интеллект ықпалы жоғары мамандықтардың 40%-ында жас мамандардың үлесі шамамен 11%-ға азайғанын көрсетті. Ал ЖИ аз әсер ететін 60% мамандықта жастардың жұмыспен қамтылуы керісінше 10%-ға өскен.
Жастарды жұмысқа қабылдау қарқыны төмендеген
Сарапшылардың айтуынша, бұл тенденция жасанды интеллект жиі қолданылатын бағыттарда бастапқы позицияларға жаңа кадрларды қабылдаудың азаюымен түсіндіріледі.
Зерттеу барысында қызметкерлердің жаппай жұмыстан шығарылғаны немесе өз еркімен жұмыстан кеткені туралы айтарлықтай белгі анықталмаған. Жалақының төмендегені де байқалмаған.
Ғалымдар ЖИ-дің әр мамандыққа әсері бірдей емес екенін атап өтеді. Кейбір салаларда жасанды интеллект жұмыс процестерін автоматтандырса, басқа кәсіптерде адам жұмысын толықтырады.
Anthropic индексі көрсеткендей, бухгалтерлер, аудиторлар, хатшылар мен ақпараттық сала мамандары ЖИ-ге тез алмасатын кәсіптер қатарына енген.
Ал бас директорлар мен тәжірибелі медбикелер сияқты мамандықтарда жасанды интеллект адам жұмысын алмастырмайды, керісінше толықтыра түседі.
Тәжірибе маңызды
Зерттеуде ЖИ ықпалы, әсіресе автоматтандыру деңгейі жоғары мамандықтарда айқын көрінетіні көрсетілген.
Жасанды интеллект оқулық пен жазбаша нұсқаулықтар сияқты формалды әрі стандартталған білімге негізделген міндеттерді тез алмастырады.
Ал тәжірибелі мамандардың жұмысына қажетті кейбір білімді тек кітаптан үйрену қиын. Ол тәжірибе, тәлімгерлік және нақты жағдайлармен жұмыс істеу арқылы қалыптасады.
Зерттеуге сәйкес, нақты бекітілген ережелер мен нұсқауларға негізделген салаларда жас мамандарды жұмыспен қамтудың өсу динамикасы төменірек болып отыр. Керісінше, практикалық тәжірибеге сүйенетін мамандықтарда орта және жоғары деңгейдегі қызметкерлерге сұраныс пен олардың жұмысқа орналасу динамикасы жоғары.
Жоғары білімнің де әсері бар
Зерттеушілер жоғары білімнің болуын басты қорғаныс факторы ретінде атап өтті.
Жоғары білімді мамандардың үлесі басым салаларда жасанды интеллектінің ықпалына қарамастан, жұмысқа орналасу көрсеткіштерінің айырмашылығы өте әлсіз болған.
Ал жоғары білімді мамандардың үлесі аз кәсіптерде жағдай мүлде өзгеше: ЖИ аз әсер ететін салаларда жұмыспен қамту артса, ЖИ көбірек ықпал ететін бағыттарда керісінше төмендеген.
Осылайша, зерттеу нәтижелері ЖИ-дің қазіргі кезеңдегі ықпалы еңбек нарығына енді ғана шығып жатқан жас мамандарға көбірек әсер етіп отырғанын, ал тәжірибелі қызметкерлердің позициясы әзірге тұрақтырақ екенін көрсетеді.
Тағы оқыңыз:
Ғалымдар жасанды интеллектінің табиғатқа жасырын зиянын анықтады
Жасанды интеллект алмастыра алмайтын 20 мамандық анықталды
Баланың ЖИ қолдануына тыйым салу қаншалық тиімді? ЮНИСЕФ өкілі жауап берді
