Басты бет / Жаңалықтар /
автожол
Фото: ҚазАвтоЖол

Жетісуда сел жүріп, жолдың бір бөлігі опырылып түсті

Жетісу облысының Панфилов ауданында нөсер жаңбырдан кейін сел жүріп, «Сарыөзек – Көктал» автожолының бір бөлігі зақымданды. Қазір жол қызметтері зақым келген учаскеде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жолдың 152-шақырымында зақым тіркелді

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 24-25 тамызда жауған мол жауын-шашыннан кейін жолдың бірнеше учаскесінде лай мен тас аралас су ағыны пайда болған.

Селден ең көп зақым 152-шақырымда тіркелді. Су жол жиегі мен жер төсемін шайып, оң жақ жолақтың бір бөлігінің опырылуына себеп болған. Қазір мамандар лай-тас шөгінділерін тазалап, шайылған жер төсемін нығайтып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына 18 қызметкер мен 13 техника жұмылдырылған, — делінген хабарламада.

Көлік қозғалысы тоқтатылған жоқ

Зақымданған учаске қоршалып, жүргізушілерге арналған уақытша жол белгілері орнатылды.

Автожол толық жабылған жоқ. Көлік қозғалысы сақталған жолақ арқылы кезекпен, реверсивті режимде ұйымдастырылып отыр.

Оқиға орнында патрульдік полиция кезекшілік етіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін бақылауда ұстап отыр. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook