Басты бет / Жаңалықтар /
Тұрғын үй, пәтер
Фото: Нұрназар Әмзе

Қазақстанда автокөлік пен үй алу үшін несие алатындар саны көбейді

2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда ипотека мен автонесиеге сұраныс артқан. Ипотекаға берілген өтінімнің орташа сомасы 21,5 млн теңгеге, ал автонесие бойынша 7 млн теңгеге жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ипотекаға сұраныс 19% өсті

Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Динара Тазетдинованың айтуынша, екінші тоқсанда ипотека алуға берілген өтінімдер саны алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 19% артқан. Ал сұралған несиенің орташа сомасы 5% өсіп, 21,5 млн теңге болды.

Банктер ипотекалық несие алуға түскен өтінімдердің 33%-ын мақұлдаған. Автонесиеге сұраныс та жоғарылаған. Көлік сатып алуға берілген өтінімдер саны 20% көбейген. Дегенмен сұралған несиенің орташа сомасы 3% төмендеп, 7 млн теңге болған. Банктер автонесие өтінімдерінің 18%-ын мақұлдаған.

Тұтынушылық несиеге сұраныс қалай өзгерді?

Кепілсіз тұтынушылық несиеге өтінімдер саны айтарлықтай өзгермей, 15,9 млн деңгейінде қалған. Бір өтінімге шаққандағы орташа сома керісінше 10% өсіп, 1,062 млн теңгеге жетті. Банктер мұндай өтінімдердің 33%-ын мақұлдаған.

Ал кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге өтінімдер саны 18% азайған. Соған қарамастан, сұралған несиенің орташа сомасы бірден 27% өсіп, 17,7 млн теңге болды. Банктер өтінімдердің 31%-ын мақұлдаған.

Ұлттық банктің мәліметінше, банктер үшінші тоқсанда ипотека мен автонесиеге сұраныс одан әрі өседі деп күтеді. Кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс қазіргі деңгей шамасында сақталуы мүмкін. Ал кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс аздап төмендейді деген болжам бар.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok