Алматыдан Өскеменге ұшқан рейсте тәртіп бұзған 35 жастағы ер адамға ұшақ қонғаннан кейін акт толтырылды. Ол бортта қауіпсіздік талабын сақтамай, қоқыс шашып, экипаж мүшелері мен жолаушыларға балағат сөздер айтқан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға 24 тамызда Өскемен халықаралық әуежайында болған. Полицейлер Алматы – Өскемен бағыты бойынша ұшып келген ұшақтың жолаушысын әуе кемесі командирінің актісі негізінде рейстен түсірген.
Тәртіп бұзған жолаушы ұшақ Алматы әуежайынан көтерілген кезде қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сонымен қатар ол тамақ пен сусындардың қалдығын, соның ішінде өзі ұшақ бортында ішкен алкоголь өнімдерінен қалған қоқысты әдейі шашқан.
Ер адам экипаж мүшелерінің талабын орындамай, әуе компаниясының қызметкерлері мен басқа жолаушыларға балағат сөздер айтқан. Кейін өз орнынан рұқсатсыз тұрып, ұшақтың артқы бөлігіне барып, бос тұрған басқа жолаушылар орындарына отырған.
Заңсыздық бойынша жүргізілген тексеру барысында оның бұған дейін де бірнеше рет жауапқа тартылғаны анықталды.
Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты ер адамды ұсақ бұзақылық және қоғамдық орындарды ластағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот оған 20 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері ұшақта түрлі заңсыздық жасаған 231 адам әкімшілік жауапқа тартылған.
***
Тағы оқыңыз:
