Қазақстан мектептерінде бұған дейін жеке бағаланбаған бес пән бойынша қалыптастырушы бағалау енеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа тәртіп цифрлық сауат, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка және дене шынықтыру пәндеріне қатысты болады. Осы сабақтар бойынша аралық бағалау әр тоқсанда бір рет жүргізіледі.
Министрлік өкілінің айтуынша, бұл пәндер бастауыш білім берудің жалпы мазмұнына кіреді және олардың әрқайсы оқушының белгілі бір білімі мен машығын қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан оқу бағдарламасында қарастырылған нәтижелер барлық пән бойынша болуы керек.
Сонымен қатар жаңа жүйе оқушыларға қосымша жазбаша бақылау жұмыстарын көбейтпейді. Бағалау сабақ барысында орындалатын жұмыстардың нәтижесіне қарай жүргізіледі.
Атап айтқанда, оқушылардың практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және топтық жұмыстары ескеріледі. Бағалау әр пәннің ерекшелігіне қарай жүзеге асады.
Шынар Ақпарова бұл өзгерістің мақсаты оқушыларға қосымша бақылау жұмысын жүктеу емес, олардың сабақ барысында қалыптастыратын білімі мен дағдыларын толық бағалау екенін атап өтті.
