Атырауда электр желісінде жұмыс істеп жатқан электромонтерді тоқ соғып, ол ауыр жарақат алған. Ер адам кейін қолы мен аяғынан айырылған. Сот жазатайым оқиғаға жұмыс беруші толық кінәлі деген шешім шығарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты электромонтердің берген талап арызын қараған. Оқиға былтыр 19 желтоқсанда болған. «Атырау-Жарық» ЖШС-нің электромонтері электр беру желісінің тірегінде жұмыс істеп жатқан кезде желіге қайтадан кернеу берілген. Салдарынан жұмысшыны электр тоғы соғып, денсаулығына ауыр зиян келген. Ер адамның бір аяғы мен бір қолы ампутацияланды.
Жазатайым оқиғаны арнайы тексеру комиссиясы жұмыс берушінің кінәсін 80%, ал қызметкердің кінәсін 20% деп белгілеген. Алайда электромонтер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
Істі қарау барысында жұмыс беруші тарапынан қауіпсіздік талабы сақталмағаны анықталған. Жұмыс басталар алдында диспетчерге бригада жұмыс істейтін учаскедегі электр желісін ажырату тапсырылған. Электр қуатының өшірілгені расталғаннан кейін жұмысшылар өз міндеттерін орындауға кіріскен.
Алайда кейін диспетчер желіде жұмысшылар бар екенін біле тұра, бұл туралы ұмытып кеткен. Ол желінің жұмысқа жарамдылығын тексеру мақсатында электр қуатын қайта қосып, жұмыс істеп жатқан электромонтер тоққа түскен.
Сот сонымен қатар жұмыс берушінің жауапты тұлғалары жұмыс барысын тиіс деңгейде бақыламағанын және жұмысшылар желіде болған кезде электр қуатының қайта қосылуына жол бермейтін қажет техникамен толық қамтамасыз етпегенін анықтады.
Сонымен бірге сот зардап шеккен қызметкердің III топтағы электр қауіпсіздігі бойынша рұқсаты болғанын және тапсырылған жұмысты бригада құрамында, жауапты қызметкердің басшылығымен орындағанын ескерді.
Сот комиссияның қызметкерді жазатайым оқиғаға әкелген «өрескел абайсыздық» жасады деген қорытындысын негізсіз деп таныды. Іс материалдарында жұмысшының апатқа әсер еткен қандай да бір әрекет жасағанын растайтын дәлелдер болмаған.
Осыған байланысты сот 16 қаңтардағы арнайы тергеу актісіндегі қызметкердің кінәсін 20% деп көрсеткен тармақты заңсыз деп таныды. Нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі 100%, ал қызметкердің кінәсі 0% деп белгіленді.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
