Басты бет / Жаңалықтар /
FIBA, Сауд Али Әл-Тәни
Фото: Ақорда

Тоқаев халықаралық баскетбол федерациясының президентін «Достық» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Халықаралық баскетбол федерациясының президенті Шейх Сауд Әли Әл-Таниді қабылдап, «Достық» орденімен марапаттады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Кездесу Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Әңгіме барысында Президент FIBA-ның Қазақстандағы баскетболды дамытуға көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалап, Сауд Әли Әл-Таниге Қазақстанның Ұлттық баскетбол федерациясының отырысына қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстандағы баскетболдың 100 жылдығы атап өтілетінін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, баскетбол елдегі танымал командалық спорт түрлерінің бірі. Оған балалар мен жастар арасында қызығушылық артып келеді.

Президент Қазақстаннан халықаралық аренада, соның ішінде әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған белгілі баскетболшылар шыққанын атап өтті.

Кездесуде баскетболдың 3*3 форматының Қазақстанда танымалдығы артып келе жатқаны да сөз болды. Қос тарап бұқаралық және кәсіби баскетболды дамыту, спорт резервін даярлау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

FIBA президенті Қазақстанда баскетболды дамытуға көрсетіліп отырған қолдау үшін мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, федерацияның бұл спорт түрін одан әрі танымал ету жөніндегі жоспарлары туралы айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Шейх Сауд Әли Әл-Таниді Қазақстандағы баскетболдың дамуына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook