Астанада 68 жастағы ер адам қоғамдық орындағы металл іздегіштен өту кезінде шалбарын шешіп, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 86 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты 24 тамызда заңсыздық жасаған азаматқа қатысты істі қараған.
Сот мәліметінше, оқиға сағат 09:28 шамасында елордадағы Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан Азаматтарды қабылдау орталығында болған. Ер адам металл іздегіштен өту кезінде шалбарын шешкен.
Осы әрекетімен ол қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған. Сот отырысында ер адам кінәсін мойындамаған. Ол бұл әрекетті әзіл ретінде жасағанын түсіндірген. Алайда оның кінәсі іс материалдары мен бейнежазба арқылы дәлелденген. Қолданыстағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша, ұсақ бұзақылық жасағандарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Алайда сот ер адамның жасын да ескерген. Кодекстің 50-бабы бойынша, 63 жастан асқан адамдар әкімшілік қамаққа алынбайды, — делінген хабарламада.
Сот ер адамды ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
