Басты бет / Жаңалықтар /
оқушы, мектеп, сабақ
Фото: Нұрназар Әмзе

Оқушы сабақтан көп қалса, не болады? BilimClass жаңа мониториң жүйесін таныстырды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстанның әр өңірінде мыңдаған педагогтың басын қосқан тамыз конференциялары өтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Биылғы жиындарда мұғалімдер оқытудың жаңа әдістерін талқылап қана қоймай, білім сапасын арттырып, педагогтардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған цифрлық құралдармен де танысты.

«Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту — білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбы аясында білім саласына арналған жаңа шешімдердің бірі таныстырылды. Bilim Group экожүйесі ұсынған бастамалардың қатарында әлеуметтік осал топтағы оқушылардың жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін жаңа мониториң жүйесі бар.

2026 жылғы қыркүйектен бастап BilimClass тегін электрон журналында Алматы қаласы Бостандық ауданы мен Абай облысының прокуратураларымен бірлесіп әзірленген функция іске қосылады. Пилоттық жоба алты айға созылады. Оның нәтижесіне қарай жүйені басқа өңірлерге де енгізу жоспарланып отыр.

Жаңа жүйе оқушыдағы қауіп белгілерін қалай анықтайды?

BilimClass өнімінің жетекші менеджері Фархат Үсеннің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты — әртүрлі дереккөздерде шашырап жатқан ақпаратты біріктіріп, баланың қиын жағдайға түскенін ертерек анықтау.

Балалардың әлеуметтік мәртебесі мен есепте тұруы туралы мәліметтер білім беру мекемесінен тыс сақталса, сабаққа қатысуы мен бағалары BilimClass базасында жиналады. Осы екі дереккөзді тоғыстырмайынша, есепте тұрған оқушының мектептен шеттей бастағанын дер кезінде аңғару мүмкін емес еді. Осыдан барып көмек көрсету шаралары тым кеш басталатын. Алматы қаласы Бостандық ауданы мен Абай облысының прокуратураларымен бірлескен жоба дәл осы түйткілді шешуге арналған, — дейді ол.

Жаңа модуль оқушының әлеуметтік жағдайын, сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін және психологиялық факторларды кешенді түрде талдайды. Жүйе бағаның төмендеуін, сабақ босатуды, есепте тұруын және басқа да көрсеткіштерді саралап, қауіп деңгейін анықтайды.

Прокуратура органдары әлеуметтік санаттағы оқушылардың тізімін жасақтайды. Ал BilimClass олардың сабаққа қатысуы мен үлгерім динамикасын бақылайды. Қауіп деңгейі анықталған жағдайда арнайы мобильді топқа сигнал түсіп, мамандар оқушыға жедел көмек көрсету шараларын бастай алады.

Жүйедегі интерактивті карта өңір, аудан және мектеп деңгейіндегі жағдайды көруге мүмкіндік береді. Онда жоғары немесе орташа қауіп тобындағы балалардың саны, сонымен қатар көрсеткіштердің апталық және айлық динамикасы көрсетіледі.

Оқушылар шұғылдығына қарай төрт топқа бөлінеді. Маман әр баланың қай пәннен артта қалып жатқанын да көре алады. Ал мобильді топтар күн сайын таңертең тек жаңадан қауіп тобына түскен оқушылар туралы ақпарат алады. Бұл қайталанатын мәліметтерді азайтып, мамандардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жүйеде оқушының соңғы 10 оқу күніндегі сабақ босатуы мен үлгерімінің төмендеуі туралы толық ақпарат беріледі.

Оқушылардың жеке деректері қалай қорғалады?

Жобада балалардың жеке ақпаратының құпиялылығына ерекше мән берілген. Фархат Үсеннің айтуынша, BilimClass платформасында ақпараттық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Прокуратура қызметкері жүйеде тек өзіне тиесілі модуль мен профильді ғана көре алады. Платформаның басқа бөлімдеріне кіруге мүмкіндік берілмейді, тіпті тікелей сілтеме арқылы өтуге де тыйым салынған.

Жүйедегі қолжетімдік республика, облыс, қала және аудан деңгейлері бойынша сараланған. Яғни әр маман тек өзіне қарасты аумақтың мәліметтеріне қол жеткізеді. Жүйеге кіру eGov Mobile арқылы расталады.

Қызметкер жеке кабинетінде ЖСН мен телефон нөмірін растап, барлық белсенді сессияларды тоқтата алады. Жүйеге енгізілетін деректер де қатаң сүзгіден өтеді: ЖСН дұрыстығы, міндетті өрістердің толықтығы және мектеп базасындағы оқушылармен сәйкестігі тексеріледі. Деректерді жүктеу уәкілетті маман тарапынан айына бір рет орындалады. Ал қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда, оның аккаунты бірден архивке өтеді, — деді Фархат Үсен.

Bilim Group — отандық цифрлық білім беру экожүйесі. Компания 15 жылдан астам уақыт бойы мектепке дейінгі тәрбиеден бастап кәсіби дамуға дейінгі білім беру процесін цифрландырумен айналысады. Бүгінде оның инновациялық шешімдерін Қазақстан бойынша 5 миллионнан астам қолданушы, 350 мыңнан астам педагог және 5 мыңнан астам мектеп пайдаланады.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok