Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында өрт шықты. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрлігінің күштері жоғары шақыру дәрежесі бойынша жіберілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ҚР ТЖМ мәліметінше, 12:55-те «112» пультіне зауыт аумағынан түтін шыққаны туралы хабарлама түскен. Нысанның ерекшелігі ескеріліп, құтқарушылар дереу жұмылдырылған.
Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметтерінен шамамен 65 адам мен 19 техника тартылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, барлық күштердің жұмысы үйлестірілген. Өрт 13:42-де оқшауланып, кейін толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Жағдай ТЖМ бақылауында.
