Басты бет / Жаңалықтар /
Мектепке дайындық, оқу құралдары, циркуль, мектеп,
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мектепке дайындық кезінде ақшаны қалай үнемдеуге болады?

Оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанда ата-аналардың шығыны көбейеді. Мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, спорт киімі, кеңсе тауарлары мен техника алу үшін қомақты қаражат қажет. Алайда кей затты жаңа күйінде қайта сататын иесінен алу арқылы шығынды 30-50%-ға дейін азайтуға болады. Baribar.kz мектепке дайындық маусымында ата-аналарға қажет кеңес ұсынып отыр.

OLX мәліметіне қарағанда, кейінгі кезде ата-аналар мектепке қажет бірқатар затты жаңа күйінде сатып алудың орнына, екінші нарықтан да ала бастаған. Себебі балаларға киім немесе сөмке кейде бір оқу жылына ғана жарайды. Ал бір жыл қолданылған заттардың арасында жақсы сақталған, тіпті жаңа тауарлар да кездеседі.

Қаржыны үнемдеуге болатын заттар

Бастауыш және орта класс оқушысына арналған жаңа мектеп формасының толық жиынтығы өндіруші мен матасына қарай орта есеппен 18-30 мың теңге тұрады. Ал екінші нарықта баға төмен, кейде тіпті 6-12 мың теңгеге киім табуға болады. Бұл, әсіресе, баласы тез өсетін отбасылар үшін тиімді. Себебі бір жылдан кейін киімнің өлшемі сәйкес келмеуі мүмкін.

Сөмке алғанда да айтарлықтай үнемдеуге болады. Жаңа сапалы ортопедиялық сөмкенің орташа бағасы 12-25 мың теңге болса, қайта сатуға қойылған белгілі брендтердің сөмкесін 3-9 мың теңгеге кездестіруге болады. Кейбірі бір жыл ғана ұсталған, сапасы жақсы боулы мүмкін.

Сонымен қатар OLX-тің мәліметінше, биылшілдеде жаңа рюкзактардың бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 10,6%, ал мектеп формасының бағасы 15-17% өскен. Инфляция мен мектепке дайындыққа кететін шығынның артуы ата-аналарды тиімді балама іздеуге итермелеп отыр.

Спорттық киім алғанда да қаражат үнемдеуге болады. Дене шынықтыру сабағына арналған киім мен аяқ киімнің жаңа жиынтығы 15-25 мың теңге болуы мүмкін. Ал қолданылған заттар көбіне екі есе арзан сатылады. Мұндай тәсіл, әсіресе, бастауыш класс оқушысы бар отбасыларға тиімді.

Диастың мектепке дайындығы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қай затты екінші нарықтан сатып алу тиімсіз?

Мектепке қажет заттардың барлығын екінші нарықтан алу тиімді емес. Мысалы, қалам, қарындаш, дәптер мен пенал сынды кеңсе тауарларының бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді. Сондықтан жаңа және қолданылған тауар арасындағы айырмашылық айтарлықтай болмауы мүмкін.

Аяқ киімге қатысты да жағдай басқаша. Хабарландыру платформаларында жаңа балалар аяқ киімінің көп түрі бар. Сондықтан ата-аналар өз бюджетіне сай жаңа аяқ киім таба алады. Сонымен қатар ата-аналардың басым бөлігі жеке гигиенаға байланысты баласына киілген аяқ киім алмауға тырысады.

Мектеп шығынына техника да қосылды

Бұрын ата-аналардың негізгі шығыны мектеп формасы мен кеңсе тауарларына кетсе, қазір оған техника да қосылып отыр. Үй тапсырмасын орындау, білім беру платформаларына кіру, онлайн сабақтарға қатысу және түрлі жобалар жасау үшін ноутбук пен планшет қажет болуы мүмкін.

Мектеп тапсырмаларын орындауға жарамды жаңа ноутбуктің бағасы шамамен 180-220 мың теңгеден басталады. Ал екінші нарықтан жұмыс істеп тұрған құрылғыларды 80-140 мың теңге аралығында табуға болады. Дегенмен қолданылған техниканы сатып алғанда оның жағдайын мұқият тексеру қажет. Әсіресе, аккумулятордың жағдайына, экранға және негізгі бөлшектеріне назар аударған жөн. Себебі, осы бөлшектер құрылғының әрі қарай қанша уақыт қызмет ететініне тікелей байланысты.

Мектепке дайындыққа қанша ақша кетеді?

Егер барлық мектеп затын жаңадан сатып алса, бір баланы жаңа оқу жылына дайындау шамамен 120-180 мың теңге болуы мүмкін. Бұл сомаға техника кірмейді.

Ал мектеп формасы, рюкзак, спорт киімі және кей аксессуарды екінші нарықтан сатып алған жағдайда жалпы шығынды 30-50%-ға дейін қысқартуға болады.

Сондықтан мектепке дайындық кезінде ең қымбатына жүгірмей, қай затты жаңадан алу қажет, ал қайсысын сапасын тексеріп, қолданыста болған күйінде алуға болады деген сұраққа жауап беру ата-ана бюджетіне айтарлықтай жеңілдік әкелуі мүмкін.

***

Тағы оқыңыз: 

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа оқу жылына орай оқушылардың режиміне қатысты пікір білдірді

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram