Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында білім беру және денсаулық сақтау нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындауды тапсырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сонымен қатар инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымның әзірлігін қатаң бақылауға алуды міндеттеді.
Мектептер мен ауруханалар 1 қыркүйекке дайын болуға тиіс
Премьер-министрдің айтуынша, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етуі керек.
Бұл мәселені оқу-ағарту, ғылым және денсаулық сақтау министрліктері де бақылауға алады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етсін. Оқу-ағарту, ғылым және денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауға алсын, – деді Олжас Бектенов.
Өңірлер жылуға қашан дайын болуы керек?
Үкімет басшысы инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының дайындық мерзімдерін де белгіледі.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлер жылыту маусымына 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлер 15 қазанға дейін толық дайын болуға тиіс.
Премьер-министр бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекке бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстап, өңірлердегі жағдай туралы әр апта сайын баяндауды тапсырды.
