Басты бет Жаңалықтар ОҚО-да 703 балабақшада 70 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр

ОҚО-да 703 балабақшада 70 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысы балабақша жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында кеңейту жұмыстары бойынша республикада көш бастады. Бұл бағыт аясындағы тапсырманы елімізде алғаш болып қолға алған өңірде бүгінгі таңда 703 балабақшада 70,1 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, 2014 жылы өңіріміздегі осындай бағыттағы 606 ұйымда 62,4 мың бала тәрбиеленіп келген еді. Демек, соңғы бір жылда мемлекеттік-жекеменшік аясындағы мекемеге келген бала саны 8 мыңға артып отыр.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясындағы мектепке дейінгі мекеменің артықшылығы сол, мұндай ұйымдардағы әр балаға ай сайын мемлекеттік тапсырыс аясында 18375 теңге бөлінеді. Тиісінше, бұл балабақшаға әр бала үшін ата-аналардан төленетін айлық қаржының мемлекеттік балабақшадағыдай 8 мың теңгенің айналасында болуына мүмкіндік береді. Өткен 2015 жылы облыста мектепке дейінгі 108 ұйым ашылып, өңірдегі балабақшаның саны 1524-ке жетті. Қазіргі таңда, онда 3 пен 6 жас аралығындағы 164,7 мың бүлдіршін тәрбиеленуде.

Нәтижесінде, былтырғы жылдың қортындысымен мектепке дейінгі ұйымдарға 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 80,5 пайызды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артқан. Айта кетейік, облыстағы 1524 мектепке дейінгі мекеменің 985-і балабақшалар болса, 539-ы мектеп жанынан құрылған шағын орталықтар. Ал 985 балабақшаның 254-і мемлекеттік балабақша ретінде қызмет етсе, 703-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеп келеді. Қалған 28 балабақша жекеменшік ұйым ретінде бала тәрбиелейді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version