Қоғамда кейінгі жылдары сөйлеу мәдениетінің төмендеп бара жатқаны жиі айтылып жүр. Әсіресе әлеуметтік желілердің кең таралуы адамдардың сөз қолданысына, қарым-қатынас әдебіне қатысты түрлі пікір қалыптастырды. Бұл мәселенің себебі неде және қазіргі қоғамда тіл мәдениетіне неге ерекше мән беру қажет?
Осы сауалға Baribar.kz YouTube-арнасына берген сұхбатында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, тіл маманы Анар Фазылжан жауап берді.
Әлеуметтік желі сөйлеу мәдениетін өзгертті ме?
Ғалымның айтуынша, бұған дейін тіл мәдениеті мәселесін негізінен зиялы қауым, жазушылар, журналистер мен тілтанушылар көтерсе, қазір бұл тақырып қарапайым қоғам өкілдерін де алаңдата бастаған.
Қазір бұл үлкен проблема сияқты көрінеді. Бұрын тіл мәдениеті туралы тек зиялы қауым, жазушылар, журналистер, тілтанушылар айтатын болса, қазір қарапайым қоғам өкілдерінің өзі де мұны мәселе қылып көтеріп жүр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені шешуіміз керек, бұл міндет деп айтты, – деді Анар Фазылжан.
Маман бұл мәселенің кейінгі уақытта өзектенуін ең алдымен коммуникацияның кеңеюімен байланыстырады. Бұрын адамдардың бейресми ортадағы әңгімесі көпшілікке белгісіз болып қалса, қазір әлеуметтік желілер арқылы кез келген адамның сөзі көпшілік аудиторияға бірден жетуі мүмкін.
Бұл неге осындай актуализация алды? Себебі қазір коммуникация кеңейді. Қазір заманауи құрылғылар арқылы кез келген нүктедегі кез келген тыңдарманмен немесе сөйлерменмен байланыс орнатып, тілдесе аласыз. Бұрын ресми ортадағы коммуникация белгілі бір деңгейде бақылауда болғанымен, бейресми ортадағы әңгімелер көпшілікке жете бермейтін. Ал бүгінде әлеуметтік желі бұл шекараны жойды. Мысалы, бұрын тілдесу ресми орталарда ғана бақыланатын болса, бейресми орталардағы тілдесу фиксация жасалмайтын. Ал қазір бейресми коммуникацияның барлығы әлеуметтік желі қолданушыларына көз алдымызда қолжетімді болып тұр, – деді тіл маманы.
Оның айтуынша, қазір кез келген адамның қарапайым әңгімесі де үлкен аудиторияға жетуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желіде сөз қолдану адамның жеке ісі ғана емес, қоғамдық жауапкершілікті де талап етеді.
Айдаладағы бір ауылда екі адамның бір-бірімен өсек айтып отырған әңгімесінің мәтіні кез келген уақытта аяқ астынан сізге қолжетімді бола алады. Сондықтан осындай жағдайда құрылғылар арқылы тілді пайдалануыңыз сізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Анар Фазылжан.
Ғалымның пікірінше, әлеуметтік желіде сөз айтқан адам енді тек өзіне тікелей қарап отырған немесе тыңдап отырған адамды ғана емес, жазбаны көретін, видеоны қарайтын қалың аудиторияны да ескеруі керек.
Енді сөзіңізді арнап отырған тыңдарман ғана емес, сіздің сөзіңізді үлкен аудитория да тыңдайды. Ал ондай жағдайда сіз олардың құқықтарын да ескеруіңіз керек, – деді ол.
«Күрішті күрмектен ажырата білейік»
Анар Фазылжан бұл тұрғыда мемлекет басшысының сөзге жауапкершілікпен қарау жөніндегі ұстанымына да тоқталды. Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде сөз еркіндігі мен жауапкершіліктің арақатынасын атап өткен.
Президент осы мәселені көтеріп, биыл БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде айтылған сөзінде: «Күрішті күрмектен ажырата білейік», «Еркіндікті жауапсыздықпен шатастырмайық» деген болатын, – деді тіл маманы.
Ғалымның пікірінше, бүгінде сөз еркіндігі адамның ойына келгенін кез келген формада айтуына мүмкіндік беретін шексіз еркіндік ретінде қабылданбауы керек. Себебі әлеуметтік желідегі кез келген сөздің артында оны көріп, оқып, тыңдап отырған нақты адамдар бар.
Шынында да қазір «сөз өзімдікі екен, әлеуметтік желі маған ашық, қолымда құрал бар, ауыз өзімдікі екен» деп еркінсіп, оны көріп, тыңдап отырған аудиторияны ойламайтын, бейәдеп сөздерді қолданатын адамдар бар, – деді Анар Фазылжан.
Осылайша, тіл маманы қазіргі қоғамдағы сөйлеу мәдениетінің мәселесін тек адамдардың сөздік қорының өзгеруімен емес, коммуникация мүмкіндіктерінің түбегейлі кеңеюімен байланыстырады. Оның айтуынша, әлеуметтік желі әр адамды бір мезетте әрі сөйлеушіге, әрі көпшілік алдында сөз айтушыға айналдырды. Сондықтан сөз мәдениетімен қатар, айтылған сөзге деген жауапкершілікті де қалыптастыру маңызды.
