Басты бет / Жаңалықтар /
ed28fb629f945ca3d739c2a42633feea «30/70» ипотекасы: 2026 жылы бағдарлама қалай жұмыс істейді?
Фото: Отбасы банк

«30/70» ипотекасы: 2026 жылы бағдарлама қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда тиімді тұрғын үй заемын алу үшін Отбасы банк арқылы әдетте баспана құнының 50%-ын жинау қажет. Алайда бастапқы жарнасы 30% болатын «30/70» ипотекасы да бар. Бұл бағдарлама кәдімгі ипотекаға қарағанда күрделірек: мұнда екі депозит пен екі заем қарастырылған және сатып алуға болатын тұрғын үй бойынша шектеулер бар. Baribar.kz бағдарламаның басты шарттары, жұмыс істеу механизмі мен төлем мөлшеріне шолу жасайды.

«30/70» бағдарламасының шарттары

Бағдарламаның негізгі талаптары:

  • бастапқы жарна – 30%-дан бастап;
  • мөлшерлеме – 8,5%-дан бастап, кейін 3,5–5%-ға дейін төмендейді;
  • бағалау көрсеткіші – кемінде 5;
  • несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;
  • мерзімі – 13 жылға дейін;
  • Отбасы банк-те депозит болуы қажет.

«30/70» бойынша қандай баспана алуға болады?

Бұл бағдарлама арқылы тек Отбасы банкінің серіктес құрылыс салушылары ұсынатын бастапқы тұрғын үйді сатып алуға болады.

Тұрғын үй кешендерінің бірыңғай тізімі жоқ, ол үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан бағдарлама бойынша нақты пәтердің бар-жоғын банкпен немесе құрылыс салушымен алдын ала нақтылаған жөн.

Тұрғын үй кешені әлі салынып жатса, қосымша кепіл қажет болады. Ол қарыз алушының немесе кепіл беруші болуға келісетін басқа адамның жылжымайтын мүлкі болуы мүмкін.

Кепіл құны ипотека сомасының кемінде 70%-ын жабуға тиіс. Оның ішінде 1966 жылдан кейін салынған үйдегі бұрын пайдаланылған пәтер де кепіл ретінде жарайды. Тұрғын үй кешені пайдалануға берілгеннен кейін кепілді сатып алынған пәтерге қайта рәсімдеуге болады.

«30/70» ипотекасы қалай жұмыс істейді?

Бағдарламаның басты ерекшелігі – екі депозит пен екі несие қарастырылған.

Алдымен сатып алушы Отбасы банк-те депозит ашып, оған пәтер құнының 30%-ын жинайды. Бұл қаражат шотта кемінде 10 ай жатуы керек. Нақты мерзім жинақ сомасы мен банк есептейтін сыйақыға байланысты болады.

Ипотека мақұлданғаннан кейін банк автоматты түрде екінші депозит ашады. Оған:

  • банк пәтер құнының 10%-ын аударады;
  • тағы 10%-ын құрылыс салушы енгізеді.

Осыдан кейін әр депозитке жеке-жеке екі несие рәсімделеді. Яғни олардың әрқайсысының өз төлем кестесі және ай сайынғы төлемі болады.

Ай сайын қанша төлеу керек?

Мысал ретінде құны 35 млн теңге болатын пәтерді алайық.

Сатып алушы алғашқы депозитке пәтер бағасының 30%-ы – 10,5 млн теңге салады.

Екінші депозитке банк пен құрылыс салушы 3,5 млн теңгеден қосады.

Нәтижесінде:

  • жалпы ай сайынғы төлем – шамамен 338 мың теңге;
  • бірінші несие бойынша – 282 мың теңге;
  • екінші несие бойынша – 56 мың теңге;
  • мерзімі – 12 жылға дейін;
  • жалпы артық төлем – шамамен 13 млн теңге.

Нақты ай сайынғы төлем мен несие мерзімі пәтер құнына, жинақ көлеміне және қарыз алушының төлем қабілетіне байланысты болады.

«30/70» бағдарламасының артықшылықтары мен кемшіліктері

Бағдарламаның негізгі артықшылығы баспана құнының жартысын бірден жинаудың қажеті жоқ.

Айталық, 35 млн теңгенің пәтерін алу үшін  «50/50» жүйесімен 17,5 млн теңге жинау қажет еді, ал «30/70» бағдарламасы бойынша бастапқы жинақ 10,5 млн теңге болады.

Алайда бағдарламаның шектеулері де бар:

  • қайталама нарықтағы (екінші нарықтағы) тұрғын үйді сатып алуға болмайды;
  • тұрғын үй кешендерін таңдау мүмкіндігі шектеулі;
  • салынып жатқан үйге қосымша кепіл қажет;
  • бағдарлама бойынша пәтер бағасы шамамен 10–15%-ға қымбат болуы мүмкін.

Сондықтан ипотека таңдағанда тек пайыз мөлшерлемесі мен бастапқы жарнасына емес, пәтердің жалпы құнына да назар аудару маңызды.

«30/70» бағдарламасы баспана құнының 30%-ын жинап қойған, жаңа үйден пәтер алғысы келетін және депозитінде 50% жиналғанша күткісі келмейтін азаматтарға қолайлы болуы мүмкін.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok