Басты бет / Жаңалықтар /
тұрғын үй, пәтер
Фото: Нұрназар Әмзе

Пәтерді жылдам әрі тиімді сатудың 5 құпиясы

Пәтеріңіз кең, әдемі әрі қала орталығына жақын орналасқанына қарамастан сатылмай жатыр ма? Бұған дұрыс белгіленбеген баға, сәтсіз жарнама немесе сапасыз түсірілген фотолар себеп болуы мүмкін. Өйткені сатып алушы алдымен пәтер бағасы мен жарнамадағы фотосуреттерге назар аударады. Baribar.kz оқырманға пәтерді жылдам сату бойынша бірнеше кеңес ұсынып отыр.

Пәтердің нақты бағасын бекітіңіз

Krisha.kz мәліметі бойынша, пәтердің сатылмай тұруының басты себебі – тым жоғары баға. Пәтер иесі көбіне үйде бірнеше жыл тұрғанын, жөндеу жұмысына көп қаражат жұмсағанын ескеріп, бағаны әдейі көтеріп қояды. Алайда пәтер бағасын нарықтағы сұраныс пен орташа бағаны ескере отырып, бекіткен жөн. Пәтер бағасы соған ұқсас басқа үйлердің бағасына ұқсас, шамалас болуы керек.

Пәтер иесі саудаласу үшін бағаны көтереді

Пәтер сату бөлімінің меңгерушісі Имран Османовтың сөзінше, пәтерді сату жайлы хабарландыру жарияланған алғашқы аптада сатып алушылар тарапынан пәтерге сұраныс пен қызығушылық көп болады. Осы уақытта ешқандай қоңырау түспесе, пәтер бағасы тым қымбат деген сөз. Пәтер иесі саудаласу үшін бағаны көтереді. Мұндай қадам сатып алушының қызығушылығын азайтады. Жұрт пәтер жайлы мүлдем сұрамаса, алғашқы апталарда жарнамадағы бағаны түзеуге, өзгертуге болады. Бағаны сәл түсіру пәтерге сұранысты арттыруы мүмкін. Бұл жеңілдік жасау емес, бағаны нарықтағы сомаға сай бекіту тәсілі.

Жарнамаға сапалы фотосурет жүктеу керек

Сатып алушы хабарландырудан бірінші кезекте пәтердің фотосуреттерін көреді. Сондықтан суретте үйдің жарық әрі жайлы екенін айқындауға тырысыңыз. Бөлмедегі жеке заттарды жинап, үйге жарық жақсы түсіп тұрған кезде суретке түсірген жөн. Бөлменің кеңдігін көрсету үшін суретті бұрыштан, қиғаш тұстан түсіруге болады. Пәтердің сыртқы келбетін, ауласын, кіреберіс пен терезеден далаға қарай көрінетін тұсын да көрсетіңіз. Мұндай суретті көрген сатып алушы үй туралы толық түсінік қалыптастыра алады.

Хабарландыруды қалай жазуға болады?

Үй сату жайлы хабарландыруға нақты әрі пайдалы ақпарат беру керек. Мысалы, «Пәтер таза, жайлы әрі кең. Сантехника мен құбыр жүйесі бүтін. Пәтердің жаңа иесіне әдемі жиһаз қалады. Аулада көлік қоятын орын бар, ал жақын маңда мектеп пен балабақша орналасқан деп жазуға болады. Осындай нақты мәліметті оқыған сатып алушының сенімі мен қызығушылығы артады. Хабарландыруда «ТОП», «Саудаласуға болады» немесе «Шұғыл сату» деген сынды назар аударатын сөздерді пайдаланыңыз.

Пәтерді ипотека арқылы алатындардан бас тартпаңыз

Пәтер сатып алушылардың басым бөлігі баспананы ипотека арқылы алады. Сондықтан мұндай сатып алушылардан бірден бас тартсаңыз, пәтер ұзақ уақыт сатылмай қалуы мүмкін. Барлық құжат талапқа сай болса, хабарландыруда пәтерді ипотека арқылы сатып алуға болатынын көрсету керек.

Бұдан бөлек, әр сатып алушының қоңырауына жауап берген жөн. Қоңырауға жауап бермегендіктен біраз сатып алушыдан айырылып қалуыңыз мүмкін. Әсіресе хабарландыру жарияланған алғашқы күндерде қоңырауға дер кезінде жауап беру маңызды. Бірден жауап бере алмасаңыз, кейін міндетті түрде қайта хабарласыңыз.

Құжаттарды алдын ала дайындау қажет

Әрдайым пәтерді көрсетуге де, келісімшарт жасауға да дайын болуы керек.  Сондықтан үйді жинақы әрі таза ұстап, барлық құжатты алдын ала тексеріп қойыңыз. Әсіресе, пәтер ипотека арқылы сатылатын болса, жеке куәлік, меншік құқығын растайтын құжаттар мен техникалық куәлікті тексеріңіз. Пәтерді өзіңіз сатуға уақытыңыз болмаса, тәжірибеңіз жетпесе, сенімді мамандар көмегіне жүгінуге болады.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook